Ұлттық кітапхана "Әуезовтің ғылыми-зерттеу кабинеті жабылады" деген ақпаратты жоққа шығарды
Кабинеттің мақсаты – жазушының бай шығармашылығын зерделеу және әдеби мұрасын насихаттау.
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының және Мұхтар Әуезовтің отбасы мүшелерінің бастамасымен 2014 жылы кітапханада ашылған Мұхтар Әуезовтің ғылыми кабинеті қазір де жұмыс істеп тұр. Ұлттық кітапхана Әуезовтің ғылыми-зерттеу кабинеті жабылады деген ақпаратты жоққа шығарды, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Кабинеттің мақсаты – жазушының бай шығармашылығын зерделеу және әдеби мұрасын насихаттау. Кабинетте Мұхтар Әуезовтің кітаптары мен оның шығармашылығына арналған әдебиеттер жинақталған.
– Үстіміздегі жылдың мамыр айында Ұлттық кітапхана Мұрат Әуезовке арналған еске алу кешін өткізді. Іс-шарада отбасы, әріптестері мен достары Ұлттық кітапхана мен оның қызметкерлеріне кабинеттің жұмысы жылдарындағы жемісті ынтымақтастығы мен жақсы қарым-қатынастары үшін, бірлесіп өткізген мәдени іс-шаралар үшін алғысын білдірді. Мұрат Әуезовтің қызы Зифа-Алуа жазушының шығармашылық мұрасын дәріптеу және кеңінен насихаттау мақсатында алдағы уақытта да ынтымақтастық жалғасатынын айтты, – деп мәлімдеді Ұлттық кітапхана өкілдері.
2025 жылдың қыркүйек айында Мұхтар Әуезовтің немересінің бастамасымен қала әкімдігі Мұхтар Әуезов атындағы кітапхананы құру туралы шешім қабылдады. Мәдениет басқармасының басшылығымен және қала әкімінің орынбасарымен келісім бойынша жазушының есімі «Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КМҚК-нің №4 кітапхана-филиалына берілді.
Мұхтар Әуезовтің атындағы кітапхананың ашылуы алдында Ұлттық кітапханадағы жазушының ғылыми кабинетіндегі уақытша сақтауға тапсырылған жеке заттары мен кітаптары осы кітапханаға тапсырылған.
Айта кетейік, қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының жанындағы Мұхтар Әуезов атындағы ғылыми кабинет жазушы шығармашылығына қызығушылық танытқан оқырмандар мен зерттеушілерге қызмет көрсетіп, қалыпты жұмысын жалғастыруда. Кітап қоры әлі де толықтырылып, жазушы шығармашылығына қатысты шаралар жалғасын таба бермек.
Мұхтар Әуезовтің ғылыми-зерттеу кабинеті Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының экскурсиялық маршрутына енгізілген.