Қоғам

Алаяқтар Англияға жұмыс істеуге жібереміз деп 300-ге жуық қазақстандықтарды сан соқтырды

Әлеуметтік желіде миллион теңге жалақы, тегін баспана және Еуропадағы жайлы өмір туралы жарнамаға сеніп, сан соғып қалған қазақстандықтардың саны 300-ден асты. Алаяқтар адамдарды Англиядағы жұмысқа апарамыз деп алдап, ақшаларын алған соң байланысқа шықпай қойған.

“Ұжымдық арыздар Алматының бірнеше полиция бөлімшесіне түскен. Қазір олардың барлығы бір тергеу ісіне біріктірілді. Компанияның атауын он рет өзгертсе де, күдіктілердің бәрі бір адам. Қылмыс объектілері мен субъектілері бізге белгілі. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, бірнеше рет жасалған алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды”, – деп мәлімдеді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек. 

Полиция мәліметінше, компанияның негізін қалаған адамның жеке басы анықталды. Қазір оған қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қарастырылып жатыр.
Дегенмен жәбірленушілердің айтуынша, фирма әлі де жұмысын жалғастырып отыр. Олардың сайтында әлі күнге дейін онлайн кеңес алуға болады.