Еліміз 2027 жылға дейін 100% интернетпен қамтылады
2026 жылдың соңына дейін тағы 3 мың ауылға оптикалық желі жүргізу жоспарланған.
Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев елде интернет желісінің қолжетімділігі едәуір артатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Оның сөзінше, соңғы үш жылда телекоммуникация саласына 1 трлн теңгеден астам қаражат құйылып, соның нәтижесінде еліміздегі интернеттің орташа жылдамдығы 94 Мбит/с-қа дейін өскен.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы 2024–2027 жылдарға арналған. Оның аясында 2027 жылдың соңына қарай Қазақстан халқының барлығы интернетпен қамтылатын болады. Байланыс жылдамдығы 100 Мбит/с-тен асады, ал талшықты-оптикалық инфрақұрылым ауылдық елдімекендердің 90 пайызына дейін жеткізіледі, – деді Жаслан Мадиев.
Министрдің мәліметінше, 2026 жылдың соңына дейін тағы 3 мың ауылға оптикалық желі жүргізу жоспарланған. Осылайша, 2027 жылға қарай елді мекендердің 90 пайызы талшықты байланысқа қосылады. Бұл бағыттағы инвестиция көлемі шамамен 323 млрд теңгені құрайды. Ал интернетке қосылмаған шағын ауылдарға спутниктік байланыс орнатылады.
Сондай-ақ вице-премьер мобильді байланыс сапасы мен қамту деңгейі де артатынын атап өтті. Мысалы, 4G желісі ел бойынша елді мекендердің 92 пайызына дейін жетеді.