Қазақстан құрамасы Лихтенштейн командасын жеңді
Ұлттық құрама ойынды кездесуді 4:0 есебімен түйіндеді.
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі кезекті ойында Лихтенштейн командасын сенімді түрде ұтып, өз жанкүйерлерін қуантты, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ алаң иелері ойын тізгінін өз қолына алды. 26-минутта семейлік «Елімай» клубының шабуылшысы Ғалымжан Кенжебек есепті ашып, команданы алға шығарды. Екі минут өтпей жатып, ұлттық құраманың көшбасшысы Бахтиер Зайнутдинов есепті 2:0 етіп ұлғайтты.
Екінші таймда да қазақстандықтар басымдығын сақтап, қысымын тоқтатқан жоқ. 59-минутта Кенжебек дубль жасап, өзінің мінсіз ойын формасын дәлелдеді. Ал матчтың соңына қарай, 81-минутта қорғаушы Әлібек Қасым ұлттық құрама сапындағы алғашқы голын соғып, кездесуді 4:0 есебімен түйіндеді.
Кездесудің үздік ойыншысы болып екі гол және бір нәтижелі пасымен көзге түскен Ғалымжан Кенжебек танылды. Қазіргі таңда ол ұлттық құрамада 9 ойын өткізіп, 3 гол соққан.
Басты шабуылшы Бахтиер Зайнутдиновтың еншісінде 43 матч пен 15 гол бар. Бұл көрсеткіш оны Қазақстан футболының тарихындағы ең нәтижелі ойыншылардың қатарына қосады.
Осы жеңістен кейін Қазақстан құрамасы 6 ұпай жинап, J тобының турнирлік кестесінде төртінші орынға жайғасты. Топта Бельгия, Солтүстік Македония, Уэльс және Лихтенштейн құрамалары өнер көрсетіп жатыр.
Али Алиев жаттықтыратын ұлттық құрама келесі кездесуін 13 қазан күні сағат 23:45-те Скопье қаласында өткізеді. Қазақстандықтар сырт алаңда топтың көшбасшысы – Солтүстік Македония құрамасына қарсы ойнайды.