Әлеумет

Зейнетке шығу жасы өзгере ме?

2025 жылы Қазақстанда зейнетке шығу жасы өзгеріссіз қалады. Әзірге ерлер мен әйелдер үшін жаңа ережелер қарастырылмаған.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) баспасөз қызметінің мәліметінше, әйелдердің зейнет жасы кем дегенде 2027 жылдың соңына дейін өзгеріссіз қалады.

Қазақстанда бүгінде жалпы белгіленген зейнет жасы:

Ерлер: 63 жас.

Әйелдер: 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап — 61 жас;

Алайда 2028 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен арттыру жоспарланған. Бұл үдеріс мынадай ретпен жүзеге асады:

2028 жылғы 1 қаңтардан бастап — 61,5 жас;

2029 жылғы 1 қаңтардан бастап — 62 жас;

2030 жылғы 1 қаңтардан бастап — 62,5 жас;

2031 жылғы 1 қаңтардан бастап — 63 жас.

Осылайша, 2031 жылдан бастап Қазақстанда ерлер мен әйелдер үшін зейнет жасы бірдей - 63 жас болады.

Әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен арттыру — бұрыннан қарастырылған шара. Ол ерлер мен әйелдердің зейнетақы шарттарын теңестіруге бағытталған. Сонымен қатар, халықтың өмір сүру ұзақтығының артуы мен зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты.

ҚР Әлеуметтік кодексінің 207-бабына сай кейбір азаматтардың бюджет қаражаты есебінен жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін жеңілдетілген жасы бар, олар жалпыға белгіленгеннен өзгеше болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар зейнетақы жүйесінде күрт өзгерістерді күтпеуі керек. Барлық өзгерістер алдын ала жоспарланып, біртіндеп енгізіледі.