Тағы бір қайырымдылық қорының жетекшісінің ісі қаралып жатыр
Ол көмекке мұқтаж ата-аналардан ақша талап еткен.
Алматыда әлеуметтік желілерде qazaq_robin_hood деген атпен танылған қайырымдылық қорының жетекшісі Ілияс Сариевтің ісі қаралып жатыр. Ол көмекке мұқтаж ата-аналардан «балаларына ақша жинап беремін» деп әрқайсынан 1,5 млн теңге талап еткен, деп хабарлайды Oimaqnews.kz порталы Orda.kz-ке сілтемемен.
Сариевке ҚР ҚК-нің 190-бабы (3-бөлім, 4-тармақ) бойынша «ірі көлемдегі алаяқтық» айыбы тағылды. Сот процесін судья Ернар Қасымбек жүргізсе, мемлекеттік айыптаушы ретінде Асет Айдаров қатысуда.
Жәбірленушілердің басым бөлігі Қазақстанның әр аймағында тұратындықтан, сот процесіне онлайн түрде қосылды. Ал отырысқа өзі келген Айман Жүргенбаева Сәриевке 750 мың теңге бергенін мәлімдеді. Оның айтуынша, үш жасар қызы сал дертіне, эпилепсияға және сөйлеу мен психикалық дамуының тежелуіне (ЗПРР) шалдыққан. Осы жағдайға байланысты әйел айыпталушыдан көмек сұраған.
Тағы бір жәбірленуші — Венера Сұлтанқызы да осындай жағдайға тап болған. Ол да қызын емдету үшін Сәриевке сенім артып, көмек сұраған.
550 мың теңгеден кейін Венера ақшаны Сәриевтің серіктестері ретінде таныстырған Рауан мен Нартай есімді адамдарға аударған. Алайда Сәриев ғайып болғанда, ол екеуінен мән-жайды сұрағанда, бұл қаражаттың Сәриевтің қарызын жабуға кеткенін естіген. Сол сәтте ғана әйел өзінің алданғанын түсінген.
Екі ана да Сариев өздеріне берген ақшаны қайтарса, кешіруге дайын екенін айтты. Соттың келесі отырысы 25 қыркүйекте өтеді.