"Екеуі пышақ ұстап тұрды": Талғардағы елді дүр сілкіндірген ауыр қылмыстың мән-жайын айтып берді
- авторОймақ
- Бүгін, 10:20
- 20

Алматы облысының Талғар ауданы, Қызылқайрат ауылында елді дүр сілкіндірген ауыр қылмыс болды. Қызды зорлап, интимдік суреттері мен видеоларын тартып, қоқан-лоқы көрсеткен ер адамды ауыл тұрғындары полицияға ұстап тапсырғанымен, Талғар аудандық полициясы күдіктіні қамауға алмай, босатып жіберген, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Арада бір күн өткен соң күдікті жанына екі-үш жігітті ертіп, қыздың үйіне қайта оралды. Жолай дүкенге бара жатқан 30 жастағы Ернарды көліктен түсіп, көшенің қақ ортасында жүрек тұсынан екі рет атып өлтірген. Кейін үйге кіріп, отбасы мүшелерін қорқытып, 3 жасар бүлдіршінді кепілге алған. Бұл туралы жәбірленуші тарап журналист Руслан Өтепбайға айтып берді.
Қанды оқиғаның қалай болғанын марқұмның жары айтып берді
Марқұмның әйелі Балзия Әбілаеваның айтуынша, үйге үш ер адам кіріп келген.
«Біреуінің қолында пышақ, екіншісінде автомат болды. Мамама қару кезеп, «қызың қайда?» деп сұрады. Егер біреуге хабар берсек, өлтіремін деп қорқытты. Мені де пышақпен қорқытып, ешкімге айтпауды талап етті. Сол сәтте дүкеннен қайтып келе жатқан күйеуіме тап болып, оны көшеде атып тастапты. Кейін бізге «балаңды өлтірдім» деп өздері айтты», – дейді ол.
Қайғыдан қан жұтқан анасы да болған жайтты растады:
«Екеуі пышақ ұстап тұрды. Қызыңды тауып бер деп, маған автоматты кезеді», – дейді ол.
Балзияның сөзінше, қаскөйлер Ернардың өліп қалғанын өздері жеткізген.
«Алғашында сенбедік. Кейін көрші тәте келіп, Ернар ана көшеде қансырап жатыр деді. Жүгіріп барсам, жаны шығып кетіпті. Екі оқ жарақатын көрдім», – дейді марқұмның жұбайы.
Артында үш бала мен аяғы ауыр жары қалды
Қызылқайраттағы қанды қылмыстан мерт болған Ернар – зорлық көрген қыз Аружан Тұрғанбектің туған ағасы. Артында үш баласы мен аяғы ауыр әйелі қалды.
Балзия Әбілаеваның айтуынша, сол күні олар базарға баруға жиналып жатқан.
«Күйеуім дүкенге барып келемін деді. Ал мен дайындалып жатқан едім. Арада көп уақыт өтпей Еламан (күдікті) қасына үш жігітті ертіп, үйге кіріп келді. Оның қолында мылтық, жанындағы екеуінде пышақ болды. Сол кезде енем екеуміз үйде отырдық, ал Аружанның 3 жасар қызы бөлек бөлмеде ұйықтап жатқан еді. Бізге пышақ тақады, Аружанды тауып беріңдер деді. Кейін енеме қарап, «балаңды жаңа ғана өлтірдім, көшеде жатыр» деп айтты. Сыртқа жүгіріп шықсақ, көршілер Ернардың атылғанын жеткізді», – дейді ол.
Қылмыстық іс қозғалды
Қайғылы оқиғадан кейін облыстық прокуратура мен полиция қылмыстық іс қозғады. Арнайы прокурорлар істі өз бақылауына алған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.