Қоғамда орында оранып жүре алмайсыз: заң ресми күшіне енді
Бұл заң нормалары тек қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
12 шілдеден бастап Қазақстанда адамның бет-әлпетін толық жабатын киім киюге тыйым салатын заң нормалары ресми түрде күшіне енді, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Заңның мақсаты
ІІМ мәліметінше, бұл түзетулердің басты мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және бейнебақылау камералары арқылы азаматтарды тану мүмкіндігін қамтамасыз ету.
Қандай киімдерге тыйым салынады?
балаклава;
медициналық мақсаттан тыс маска;
никаб;
бет-әлпетті анық көруге кедергі келтіретін өзге де киім түрлері.
Ерекшеліктер
Тыйым келесі жағдайларда қолданылмайды:
медициналық себептерге байланысты;
ауа райының қолайсыздығына байланысты;
қызметтік және еңбек міндеттерін орындау кезінде;
азаматтық қорғаныс шаралары барысында;
спорттық, мәдени және бұқаралық іс-шараларда.
Діни киімге қатысты түсініктеме
ІІМ атап өткендей, жаңа ережелер адамның жүзін жаппайтын діни киімдерге – хиджаб, шейла, химар, аль-амира – қатысты емес. Полиция бұл түзетулер азаматтардың құқықтары мен діни сенім бостандығын шектемей, тек қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.