Қоғам

Ербаян Мұхтар толық оңалту курсын алу үшін Түркияға кетті

Бұл сапар Ербаян үшін шешуші кезең болмақ.

2 қыркүйек күні таңертең Алматыдағы 5571 әскери бөлімінде жарақат алып, мүгедек болып қалған сарбаз Ербаян Мұхтар ата-анасымен бірге Ыстамбұлға ұшып кетті. Ол Түркияда емдеудің екінші кезеңі – толық оңалту курсын қабылдайды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап. 

Отбасының заңгері Инга Иманбайдың айтуынша, бұл сапар Ербаян үшін шешуші кезең болмақ.

Заңгердің айтуынша, алдағы үш ай Ербаянды аяғынан тұрғызуға жақындататын маңызды уақыт болмақ. Халықтан жиналған алғашқы қаражаттан қалған бөлігі кейінгі ем шараларына жұмсалады.

Еске сала кетейік, Ербаян Мұхтар 2023 жылдың желтоқсанында ауыр жарақатпен ауруханаға түскен. Ұлттық ұлан алғашында сарбаздың «дәретханада құлап қалғанын» хабарлаған. Бірақ ата-анасы мұнымен келіспей, ұлдарының қастандық құрбаны болғанын мәлімдеген. Жас жігітке бес рет ота жасалып, оның ішінде туыстары рұқсат етпеген миының бір бөлігін алып тастау дерегі де бар. Биыл көктемде Түркияда емнің бірінші кезеңін қабылдаған Ербаян елге оралған еді.