Сиыр еті ұшып тұр
Үлкен қалалар арасында ең жоғарғы баға Өскеменде, Ақтауда және Шымкентте тіркелген.
Биылғы бірінші жартыжылдықта инфляцияға, бағаның құнсыздануына серпін берген 4 әлеуметтік маңызды тауар анықталды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Олар – күнбағыс майы, сиыр еті, қой еті және картоп. Қазіргі кезде соның ішінде сиыр етінен басқасының бағасы қалыпқа келтірілді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, таза кесек ет емес, сүйегі бар сиыр етінің келісінің құны 2025 жылғы шілдеде орта есеппен 3,2 мың теңгеге жеткен. Статистика мамандарының мұндай арзан бағаларды қайдан табатынына депутаттар да аң-таң болып жүр. Өйткені қалаларда мұндай бағамен ет табу қиын.
Үлкен қалалар арасында ең жоғарғы баға Өскеменде, Ақтауда және Шымкентте тіркелген: 1 келісі үшін 3,5 мың теңге деп тұр. Ең арзан баға Орал мен Ақтөбеде (әрқайсысында 1 келісінің орташа бағасы 2,8 мың теңгеден), сондай-ақ Атырауда – 2,9 мың теңге. Осыған қарап, Energyprom мониторинг агенттігінің сарапшылары Қазақстанда орташа айлық жалақыға немесе 407 мың теңгеге орта есеппен 127,2 келі сиыр етін сатып алуға болатыны туралы тоқтамға келді.
–Өңірлік бөліністе бұл көрсеткіш бойынша Атырау (217,4 кг), Жезқазған (165,8 кг) және Ақтау (163,9 кг) көшбасшы саналады. Атаулы айлық жалақыға сиыр етін өте аз сатып алатындар қатарына Шымкент (90,5 кг), Петропавл (92,2 кг) және Қонаев (94,6 кг) тұрғындары қосылды. Астанада бұл көрсеткіш 158,8 келіні, Алматыда -162,3 келіні құрайды, – деп хабарлады агенттік.
Халықаралық Numbeo сервисінің ақпараты басқа. Ол да ресми статистиканы басшылыққа алған. Әйткенмен орташа айлық атаулы жалақыдан барлық алым-салықты алып тастап, қазақстандықтардың қолына алатын орташа «таза» жалақысын есепке алыпты. Сондай-ақ І-ші сұрыпқа жататын етті – сиырдың сан етін мысалға келтірген. Сол арқылы жаһандық сервис 2025 жылғы 13 тамыздағы жағдай бойынша қазақстандықтардың таза жалақыға небары 78 келі сиыр етін ала алатынын көрсетіп отыр.