Павлодарда екі баласын терезеден лақтырып, өзі де секірген әйел ауруханадан шықты
Жеті жастаға бала туыстарының үйінде тұрып жатыр.
Павлодарда екі баласын терезеден лақтырып, артынша өзі секіріп кеткен әйел ауруханадан шықты. Дәрігерлердің айтуынша, оған остеосинтез жасалған, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Әйел Павлодардағы №1 қалалық ауруханада ем қабылдады. Қазір оның жағдайы қанағаттанарлық.
Еске салсақ, 30 шілдеде Павлодарда жантүршігерлік жағдай болды. 34 жас шамасындағы әйел екі баласын терезеден лақтырып, артынан өзі секіріп кеткен. Полиция департаменті зардап шеккендер подъездің қалқалағышына құлағанын мәлімдеді. Алдын ала мәліметтер бойынша, әйел арнайы медициналық мекемеде тіркеуде тұрған.
Анасы терезеден лақтырып жібергеннен кейін жансақтау бөліміне клиникалық өлім жағдайында түскен бір жарым жастағы бала 1 тамыз күні кешке ауруханада қайтыс болды.
Аман қалған жеті жастағы бала қазір Екібастұз ауданындағы ауылда туысқандарының үйінде тұрып жатыр. Ол бір жыл бойы оңалтудан өтуге тиіс.