Әнге айналған ғұмыр
Биыл белгілі композитор Сейдолла Бәйтерековтің туғанына – 80 жыл
Екі оттың ортасында қалған жайым бар. Ал мықты болсаң құтылып көр! «Бұл менің қолымнан келмейді, Көпеншілеп айтқанда, «не әнші, не композитор емеспін» деп басты алып қашуға да болар еді. Бірақ... осы «бірақты» белден басып, сытылып шығуға шамамыз жетпейтін әлсіздігіміз-ай! Сейдолла Бәйтерековтің сүйікті жары Ләззат Мұзарафқызы Бәйтерекова хабарласты: – ...Аға, құйрығын ұстатпайтын зулаған уақыт... Міне, көзді ашып-жұмғанша... Биыл Сейдолланың туғанына 80 жыл ғой... Әндерін сүйіп тыңдайтын халқы барда Сейдолла ұмыт қалмас, аталып өтер... Десе де, біздің отбасымызға да, Сейдоллаға да бөтен емессіз. Құда-жекжаттығымыз екібастан. Шығармашылығынан азды-көпті хабарыңыз бар... Шама-шарқынша насихаттап жібергеніңіздің артықтығы болмас еді...
Артынша, «айналайын, Ләззат-ау, «бөтен емессіз» дегеніңіз не?! Сейдолланың күллі қазаққа бөтендігі жоқ, өзі ертерек өмірден өткенімен артында қалған музыкалық мол мұрасы – халқымыздың баға жетпес байлығы. Басқасын айтпағанда, «Әлиясының» өзі неге тұрады?! «Әлия» – Сейдолла – Роза! Дүйім елдің жүрегін жарты ғасыр жаулаған осы үш ұлағатты ұғымды бір-бірінен ажыратып көрші!» демекші едім; «мен бұл саланың маманы емеспін, кеудесін ән тербеген, жүрегін әуен әлдилеген композитордың болмыс-бітімін майдан қыл суырғандай, жеріне жеткізіп айта алсам жақсы...» демекші едім. Айта алмадым, телефонның ар жағынан Ләззаттың дауысы осы тұсқа келгенде сәл мұң араласқандай, сәл қобалжып, дірілдеген секілді естілді...
***
Қазақ қай кезде ән мен күйден, әнші мен композитордан кемшілік көріп еді?! Абай, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса... Ойға оралмағандары қаншама?! Олардың бүгінгі ата дәстүрін жаңғыртып, домбыраның құлағында ойнап, салқар даланы әнмен әлдилеп, жылағанды жұбатып, қуанғанның қуанышын бөлісіп, нарық заманы қаншалық қабырғаны қысса да, өтпелі кезеңнің қиыншылығын елемей, келер күндерден үміттенуді үйрететін, алға жылжуды ғана мақсат тұтатын өнерпаздарымызды бір-бірінің аты-жөндерін шатастырмай, саусақ бүгіп санап бере аласыз ба? «Көп, тіпті көп, оларды санап шығуға да бір арба жан керек!..» Десе де, сол көптің ішінен сенің ерік-жігеріңнен тыс, ой-әлеміңді жаулап алғаны былай тұрсын, мамыражай сәтте соның әуенін іштей ыңылдап, оның есімін атамай кету – ұлттық өнерге жасалған көзбе-көз қиянат емес пе?» деп, бір жағынан өзіңді де арашалағың кеп, бір бұлқынып шыға келетіндігіңді жасырып қайтеміз?! Әділдікпен бетпе-бет келгенде, «Хэмингуэйдің жасындай» елуден аса берген санаулы ғұмырында жүзден астам эстрадалық әндер жазған және ол туындылары күн өткен сайын халық жадынан шықпастай боп жымдасып кез келген сахнадан үздіксіз айтылып жататын қандай композитордың есім-сойын атар едіңіз десем, сіз кімге тоқтар едіңіз?!
Сейдолла Бәйтереков! Әне, «Әлия», «Дос туралы жыр», «Күнге табыну» әндері бірден жан дүниеңді баурап әкетеді. Ол аз десеңіз, «Сарыарқа», «Өмір, өмір...», «Мөлдір сезім», «Күндер-ай», «Түсінбедім», «Бір болайық», «Сағындым дауысыңды», «Түркістан», «Кентауым», «Аман бол», «Аралдан ұшқан аққулар»... Өстіп жалғасып кете береді. Жүз ән! Аз ба, көп пе?! «Атақты «Әлия» 1975 жылы дүниеге келді. Келер жылы «Алтын орфей» бүкіләлемдік ән байқауында бірінші орын алды. Қанша іштарлықпен қиғысы келмесе де, жүрегіне иман ұялаған пенде шынайы өнерге ашықтан-ашық «жауыздық» жасай алмайды, мәскеуліктер ішектерін тартып, әлденеше тамсанып, ақыры «Әлия» – ең үздік жыл әні» деп мойындады. Сол, сол-ақ екен, Сейдолла мен Розаның «Әлиясы» жарты әлемді жаулап алды. Біз сол сүйінші хабарды Қазақстан комсомолы аппаратының кәделі жиналысы үстінде естігенбіз. Әлі есімде, жұрт қол шапалақтап орындарынан өре түрегелді, мінбеге шыққан шешендердің тәтті сөздерін ешкім естімеді, таныс-бейтаныс эфир, сан түрлі канал тарататын теледидар кезекті хабарларын қиып тастап, сол сәттен «Әлиямен» тыныс алуға көшті.
Бір күннің ішінде әлі елге толық таныла қоймаған, белі қылдырықтай 19-дағы Роза Рымбаева мен өз-өзімен іштей арпалысып, әннің шаруасы болмаса, былайғы тірлікке көп басын ауырта бермейтін біртоға жігіт – Сейдолла Бәйтереков ойламаған жерден жұлдыз болды да шықты. Ол жұлдыздың жарығы барған сайын жарқырап, әлем сахналарын жаулай бастады. Сейдолланың басқа әндерімен қоса, «Әлия» Германия, Чехия, Словакия, Болгария, Югославия, Түркия, Украина, Иран, Оңтүстік, Солтүстік Корея елдерінің әнсүйер қауымына да таныс және табиғаттарына жақын өнер туынды есебінде қабылданды. «Әлия» халқымыздың мақтанышы, Қазақстанның Еңбек Ері, «таңдайына бұлбұл ұя салған» Роза Қуанышқызының өнердегі жолын ашты. Роза әртүрлі беделді басылымдарға берген сұхбаттарында Тасқын, Сейдолла үшеуінің шығармашылық мүддеге келгенде пікірлерін бүкпесіз ашық айтатындарын, одан шаршамайтындарын, сол жанқиярлық еңбектің арқасында ел мойындаған нәтижелерге жеткендерін бүгіп қалған емес. Биыл Жеңістің сексен жылдығы тойланды ғой. Бұл сәттілік дегенді қойсаңызшы, әлде туабітті табиғи әділеттіліктің әсері ме, бәлкім, біз түсіне бермейтін ғаламдық тосын күш – Жеңістің 80 жылдығына Сейдолланың да 80 жылдығы дәл келіп тұр. Ендеше «Әлия» талай жерде тыңдаушыларымен жаңа бояу, жаңа қырынан түрленіп, қайта қауышты, қайта табысты. Жалпы, Сейдолланың жетпіс пайызға жуық әндерін Роза орындапты.
...«Әлиямен» ауырғаныма талай уақыт болған-ды. Ән мақамы күллі санамды жаулап алды. Отырсам да, тұрсам да әуен менің аяғымды жерге тигізбеді. Ұшып жүрген секілдімін. Сөйтіп, толғатып, жанымды қоярға жер таппай, өзіммен-өзім аласұрып жүргенде ақын Бәкір Тәжібаев ағамыздың жыр жинағы қолыма тие қалды. Өлең нобайы әуенмен менің қатысуымсыз өздерімен-өздері тез арада «тіл табысты» да кете барды. Дереу пиониноға отырдым...», – дейді Сейдолла ертеректегі бір естелігінде.
Мамандардың пайымдауынша, Сейдолла – қазақ эстрадасына еуропалық стильді қалыптастырған әрі соның тамыр жаюына бар күшін арнаған озық ойлы композитор. Бах, Моцарт, Бетховин, Чайковский, Глинка... секілді ұлтқа бөлінбейтін ұлы композиторлардың өмірлік тәжірибелерін бойына ертірек сіңірген Бәйтереков аса талғампаздық рухта әр әуен, әр әнді халқына тарту еткен сайын «өліп-тірілетіндігін» де жасырмайды. Әуен сірә, жүрегі таңғы шықтай таза, бақай есеп, пендешіліктен бойын аулақ ұстайтын, қолынан келгенінше төңірегіндегілерге жақсылық жасаудан тартынбайтын, қысқасы, әр нәрсеге қарадай-қарап қабақ шытуды, ашулануды қаперіне алмастан, барынша туған табиғатпен тілдесіп, желдің гуілінен де өзіне қажеті «бір нәрсе» табуға тырысатын кеңпейіл адамның кеудесіне қонақтайтын болса керек.
Бір ғажабы, Сейдолла әскер қатарынан оралып, «оңды-солымды танып білуге қауқарым жетті-ау» дейтіндей, бір «қараға» тұяқ іліктірген соң ғана шығармашылықпен табандап айналысқан. Және текке уақыт өлтірместен, демалмастан, күні-түні дамылсыз жұмыс істеген. Ой жұмысының қайсысы болмасын, жүрекке жүк түсіретіні белгілі. Бәлкім, осы жанталастың арғы астарында не жатқандығын кім білсін әрі оның жауабын табуға әрекеттенудің енді қажеті шамалы. Ол балалардың жан әлемін баурайтын кішкентайларға да ән арнауды естен шығармаған. Бүгін балабақшаларда, бастауыш сыныптарында үзбей орындалып жүрген «Айдана», «Қара бала», «Жалқаубек» әндері – осы сөзіміздің куәсі. «Сақал саудасы», «Тастама отты, Прометей!», «Трандот ханшайым», «Мен ішпеген у бар ма?», «Махаббат аралы» секілді театр қойылдымдарын да әуенмен әдіптеген Сейдолла болатын. Ол «Ақ мысық», «Алтын қой», «Тышқанның баласы мектепке қалай барды?», «Ерте, ерте, ертеде...» секілді мульфильмдерді де әнмен өрнектеді. Оның сыртында «Боранды түн», «Құлыншақ», «Әлсіз әйелдің тарихы», «Несібелі», «Ауылдан келген күйеу бала» көркем фильмдерінің музыкасын жазу да Сейдолланың мойнына жүктелген-ді.
Әкесі Бәйтерек Бақбергеновтің домбыра шертіп, күй тартатындығын төңірегіндегілердің бәрі білген, ал нағашы атасы Смайыл Тұрысбеков ән шығарып, күй тартып, ауылдың сүйіктісі болып қана қоймай, атақты Сүгірдің ізін жалғаушылардың бірі атанып, кешеге дейін есімі ел аузында жүрген қадірлі кісі-тін. Соған қарағанда, тақыр жерге гүл шықпайтыны секілді, Сейдолланың да «құнарлы топырақтың өнімі» екені рас. Композитордың балалық шағы Кентауда өтті. Кентаудың №2-ші орта мектебінде оқып жүріп, Ұлы Отан соғысы жылдарында Ленинград қоршауында болып, Қазақстанға жер аударылған үлгілі ұстаз Евгения Семеновнадан аккордион аспабы бойынша сабақ алады. Сабақ алды деу біз үшін жаңа жеңіл, Сейдолла талай қиындықты басынан кеше тұра үлкен әріптермен жазылуға тиіс Ұстаздың адамдарға үнемі жанашырлық танытқысы келіп тұратын мол мейірімін де бойына сіңіре білді. Өзі дүниемен қоштасқанша Семеновамен байланысын үзген жоқ, ұстаз да білгенін «балағының биті бар», болайын деп тұрған шәкіртінен титімдей нәрсені бүгіп қалған емес. Сол мектеп бүгін С.Бәйтереков атында. Ол Шымкент музыка училищесін, Құрманғазы атындағы консерваторияны тәмамдаған, «Қазақконцерт» бірлестігінде, өмірінің соңына дейін өзі құрған «Саз» студиясының директоры болып қызмет істеді. Алматыдан да, Шымкенттен де көше аттары берілді, Шымкент қаласындағы Сейдолланың тастан құйылған биік бейнесі алыстан көз тартады. Оның қаржы-қаражатын Сейдолланың шымкенттік жанашырлары бір ауыздан қолдап, сөзге келместен тауып берген болатын. Бұл да композиторға көрсетілген шынайы қамқорлықтың, шынайы адамгершіліктің белгісі еді.
Мектеп жанынан құрылған шағын ансамбльдің атағы әп-сәтте күллі қалаға белгілі болды. Ансамбль құрамында кімдер барын білесіз бе?! Ансамбльдің бетке ұстар әншісі – Әшірбек Сығаев, үрмелі аспапта – Досым Сүлеев, аккордеонда – Сейдолла Бәйтереков. «Қанша жалынып-жалбарынып кино көрейік десек те, кешкі сеансқа балаларды кіргізбейтін, – деп еске алатын-ды марқұм Әш-ағаң, – Бірақ ол кемшіліктің орнын Сейдолла жымын білдірмейтін. Аккордеоншы балаға қашан да есік ашық. Сейдолланың арқасында бізге де клубтан орын табыла кететін-ді...» Жерлестігі бар, бір-бірін үнсіз түсінісетін шығармашылық байланыс Сейдолла мен жазушы, режиссер Сатыбалды Нарымбетов арасындағы ажырамас үлкен достыққа айналды. Нарымбетовтің «Жас аккордионистің өмірі» («Көзімнің қарасы») атты көркем фильмі Бәйтереков өмірбаянына арналған-ды.
***
Таңғалатыным, Сейдолла көзінің тірі кезінде «Мен Хэмингуэйдің жасындай ғана өмір сүремін» деп неге айтты екен? Және біреу қинағандай мұны бірнеше рет қайталаған. Әлемдегі мың-сан құпия құбылыстың сырын кім толық ашқан дейсіз... Мұны да солардың біріне жатқызып, ішімізден күбірлеп қана тынармыз. Ләззат айтады: – 1998-дің он бірінші мамырында соңғы есептік концертін өткізді. Өзіңіз білесіз, Сейдолланың концерті қайда өтпесін, залда ине шаншар орын болмайтын. О кезде солай еді, қазір де ешбір өзгеріссіз осы көрініс үздіксіз қайталанып келеді. Концертке билет таба алмағандар менен көмек сұрайды. Сарай басшылығына әмір жүргізе алмаймын ғой. Сол концертке ұйқы көрместен соншалық жан-тәнімен дайындалды. Екі аптадан соң о дүниеге аттанып кете барды...
Ләззат тұрмысқа шыққанда Сейдолла жан-жақты толысқан, ақ пен қараны айыра білетін әтібірлі жігіт-тін... Политехникалық институттың озат студенті Ләззат Аханова кішкентайынан өнерге бір табан жақын жүрді, институт атынан талай-талай байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүрді. Құдай берген табиғи дауысы сахнаға шығып, ән салуға итермелеп тұратын. Студенттік дәуренді сағынышпен көзіне жас алмай, еске түсіретін кім бар. Ілгеріде Алматыда жоғары оқу орындары арасындағы өнер сайыстары жиі өтіп тұратын, одан Ләззат шетқақпай қалған емес. Мәскеуге бармақшы боп дайындалып жатқан, «сенің дауысыңа ыңғайлы ән жазатын бір композитормен таныстырамын» деген-ді жетекшісі. Ол композиторы Сейдолла Бәйтереков еді... Екі жылдан соң үйленді.
Тағдыр бізді Ләззаттың әкесі, есімі елге белгілі геолог, бір кездегі Сәтбаев қаласы атқару комитетінің төрағасы, Қарағанды облысының құрметті азаматы, марқұм Мұзараф Аханов пен анасы, Сәтбаев қаласындағы бірнеше орта мектептерді басқарған, үлгілі ұстаз Шабал Бейсенбекқызымен жақын таныстырды. Құда-жекжат боп араластық. Сексеннің сеңгіріне шыққан Шабал апаймен қазір де байланыс жасап тұрамыз. Көп оқыған, сан түрлі өмір қатпарларын жете түсінетін ақылман, көреген кісі. Жас айырмашылықтарына орай, іштерінде аздаған түйткілдері болғанымен, қызының шешіміне қайтіп қарсы тұрсын. Ләззат Сейдолламен он бес жылдай бақуатты да мағыналы, сүйіспеншілікпен, түсіністікпен жұбайлық өмір сүрді. Дүниеге Санжар, Данияр деген екі ұл келді. Екі айға дейін тұңғыштарына ат қоя алмапты, есімін Сатыбалды Нарымбетов қойыпты. Данияр – заңгер, Санжар Бәйтереков – кәсіби талантты композитор. Профессор Ю.Каспаровтың класында Мәскеу консерваториясын бітірген. Бірнеше симфониялық шығармалардың авторы.
Сейдолла тірі кезінде Ләззатқа: «Мен өлсем де сендерге көктен көмектесіп жүремін... Менің әндерім сендерді аш қалдырмайды», – дейді екен. Айтқаны келді. «Сен» туындысын Ләззатқа арнаған. Осы күндері Ләззат Сейдолланың 80 жылдығын қалай өткіземін деп, жалғыз өзі ойға-қырға шапқылаумен жүр. Бұйырса, әнге айналған ғұмырдың да мерейлі мерекесі жыл соңына дейін аталып өтер. Бәрімізді соған куәгер болуға жазсын...
Иә, ән-әуен алдымен жүрекке түсуі керек дейді мамандар. Құлақ қоймасқа шараң қайсы?! Сейдолла Бәйтерековтің жүрекке түспейтін және жүрек жатырқайтындай бірде-бір шығармасы жоқ десем, көпшілік қарсы бола қоймас. Әзірге осыған тәубе дейік...
Қуаныш ЖИЕНБАЙ
Aikyn.kz