"Алаш аманаты" төңірегіндегі дау: композитор музыкасын беруге неге қарсы екенін айтты
Жаттықтырушы бұған не дейді?
Қазақстанның көркем гимнастика құрамасы Бразилияда өткен әлем чемпионатында композитор Бауыржан Ақтайдың «Алаш аманаты» туындысын қойылымына пайдаланған. Алайда композитор шығармасының авторлық құқығы сақталмағанын айтып, наразылық білдірген, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Azattyq Rýhy. сайтына сілтеме жасап.
Бауыржан Ақтайдың сөзінше, жаттықтырушы мен хореограф кез келген қойылымды сахналау барысында музыканың авторын ескеруге тиіс.
Ол сонымен қатар шығармаларына би қойылуын құптамайтынын, өзі музыкасын би үшін жазбайтынын айтты.
Құрама жаттықтырушысы Меруерт Балғынбаева мұндай жағдайға алғаш рет тап болғанын айтып, көңілі құлазыған. Оның айтуынша, 22 жылдық тәжірибесінде түрлі музыканы қолданса да, ешбір автордан бұндай талап естімеген екен.
Бұл дауға байланысты әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі авторлық құқық сақталу керек десе, екінші тарап Қазақстан құрамасының туындыны әлемдік деңгейде орындағанына қуанған жөн деген ой білдірді.
Осы мәселеге байланысты біз спорт сарапшысы Бек Төлеуовтің пікірін білдік. Сарапшы халықаралық жарыстарға қатысатын спортшылардың музыкалық сүйемелдеуі жөнінде қандай ереже және қандай тәртіп бар екенін айтып берді.
Оның айтуынша, бұл жағдайда автордың уәжі де орынды.
Редакция сазгер Бауыржан Ақтайға хабарласып, алдағы әрекеті туралы сұрады. Композитор бұл жағдайға байланысты сұрақты әзірге жауапсыз қалдырды.