"Алаш аманаты" төңірегіндегі дау: композитор музыкасын беруге неге қарсы екенін айтты
- авторОймақ
- Бүгін, 12:25
- 17

Қазақстанның көркем гимнастика құрамасы Бразилияда өткен әлем чемпионатында композитор Бауыржан Ақтайдың «Алаш аманаты» туындысын қойылымына пайдаланған. Алайда композитор шығармасының авторлық құқығы сақталмағанын айтып, наразылық білдірген, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Azattyq Rýhy. сайтына сілтеме жасап.
Бауыржан Ақтайдың сөзінше, жаттықтырушы мен хореограф кез келген қойылымды сахналау барысында музыканың авторын ескеруге тиіс.
«Шығарманы таңдағанда алдымен талдау жасау керек. Автор тірі болса, рұқсат алу қажет, өмірден өткен болса, мұрагерлерінен келісім сұралуы тиіс. Бұл жағдайда ешқандай рұқсат сұралмаған», – деді композитор.
Ол сонымен қатар шығармаларына би қойылуын құптамайтынын, өзі музыкасын би үшін жазбайтынын айтты.
«Мен арызқой немесе пайдакүнем емеспін, тек өз принципімді қорғап отырмын», – деп түсіндірген өз әрекетін Бауыржан Ақтай.
Құрама жаттықтырушысы Меруерт Балғынбаева мұндай жағдайға алғаш рет тап болғанын айтып, көңілі құлазыған. Оның айтуынша, 22 жылдық тәжірибесінде түрлі музыканы қолданса да, ешбір автордан бұндай талап естімеген екен.
«Мен «Алаш аманатын» әлемдік аренада қазақ елін насихаттау үшін таңдадым. Мақсат – Қазақстанның атын шығару. Авторға айтарым «сіздің музыкаңызды біз бұдан былай қолданбаймыз, оны міндетті түрде ауыстырамыз». Бірақ бұл отандық музыкадан бас тартамын дегенім емес. Мен тек басқа орындаушылардың шығармаларын таңдаймын», – деді Балғынбаева.
Бұл дауға байланысты әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі авторлық құқық сақталу керек десе, екінші тарап Қазақстан құрамасының туындыны әлемдік деңгейде орындағанына қуанған жөн деген ой білдірді.
Осы мәселеге байланысты біз спорт сарапшысы Бек Төлеуовтің пікірін білдік. Сарапшы халықаралық жарыстарға қатысатын спортшылардың музыкалық сүйемелдеуі жөнінде қандай ереже және қандай тәртіп бар екенін айтып берді.
«Халықаралық спорт федерацияларында спортшының немесе команданың өнеріне қойылатын музыканы пайдалану тәртібі нақты реттелген. Мұндай жағдайда авторлық құқық бірінші кезекте ескерілуі тиіс. Соңғы жылдары көптеген федерация арнайы жүйелер енгізіп, спортшыларға музыка авторынан немесе құқық иесінен ресми рұқсат алуды міндеттеп отыр. Мысалы, мәнерлеп сырғанау мен көркем гимнастикада қолданылатын музыкалар лицензия арқылы рәсімделеді. Егер рұқсат болмаса, ол әуен жарыс кезінде орындалмайды немесе телетрансляциядан алынады. Сондықтан мұндай талап халықаралық тәжірибеде бар және ол заңды әрі міндетті қадам», - дейді спорт сарапшысы.
Оның айтуынша, бұл жағдайда автордың уәжі де орынды.
«Себебі ол өзінің музыкасын биге арналмағанын нақты айтып отыр. Мүмкін, «Алаш аманаты» рухты көтеретін, ұлттық нақышта болған соң автор гимнастикаға сай емес деп отырған шығар. Сондықтан авторды да кінәлауға болмайды. Өз туындысының құқығын қорғап отыр. Ал гимнастшылар халықаралық додада бұл музыканы қосып, коммерциялық тұрғыда қаржы таппағанын да ескеру керек. Олар дәл осы музыка арқылы қаражат таппады, жарнама жасамады, рұқсатсыз кинотуындыға қоспады. Яғни, сазгердің ақысына кіріп тұрған жоқ. Олар әр қойылымдарына әннің авторлық құқықығына рұқсат сұрап жүрсе, жарысқа кім дайындалады», - дейді ол.
Редакция сазгер Бауыржан Ақтайға хабарласып, алдағы әрекеті туралы сұрады. Композитор бұл жағдайға байланысты сұрақты әзірге жауапсыз қалдырды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.