"Сыр сұлуы" сынақтан өтті
Бұл сорт суды да аз қажет етеді.
Қызылорда облысында Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жаңа күріш сортын сынақтан өткізіп жатыр, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz Аikyn.kz. сайтына сілтеме жасап.
«Сыр сұлуы» деп аталатын бұл сорт аз уақытта пісіп-жетілетіндіктен, суды да аз қажет етеді. Сынақ нәтижелері көрсеткендей, жаңа күріш сорты 105-110 күнде пісіп-жетіліп, жергілікті ауа райы мен топыраққа толық бейімделген.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, барлық агротехникалық талап орындалған жағдайда гектарынан 80-85 центнерге дейін өнім алуға болады. Қазіргі таңда Қызылорда облысында негізінен ресейлік күріш сорттары өсіріледі. Олар толық пісіп-жетілу үшін 120-125 күн уақыт алады.
«Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі су шаруашылығы жағдайы суды үнемдеудің жаңа тәсілдерін іздеуді және әзірлеуді қажет етіп отыр. Әлемдік климаттың өзгеруін ескерсек, осындай жаңа дақыл түрлері бұрыннан өсіріліп жүрген суды көп қажет ететін сорттарға жақсы балама бола алады. Бұл ғылыми жұмыстың нәтижесі ауыл шаруашылығының дамуына және күріш алқаптарында су тұтынуды азайтуға оң ықпал етеді», – деді Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Жанұзақ Байманов.
Сонымен қатар Ғылыми-зерттеу институты Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, венгрлік Water Retainer жаңа препаратын сынақтан өткізіп жатыр. Ол топырақтағы ылғалды ұзақ сақтауға көмектеседі.
Биыл бұл препарат Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола және Жетісу облыстарындағы егістіктерде тәжірибе жүзінде қолданыла бастады.
«Бірінші сынақ кезеңінде төрт ғылыми-зерттеу институты қатысты. Сынақ нәтижесінде препарат күріштің өсу кезеңін қысқартып, суды айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік беретіні анықталды. Әдетте күрішке 90 күн бойы су жіберіледі, ал бұл препаратты қолданғанда бар болғаны 51 күн суару жеткілікті», – деп атап өтті Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ғылыми және инновациялық технологиялар департаментінің директоры Ләззат Жүсіпова.