Таным

Президент: Жасанды интеллект мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жасанды интеллект мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырады.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект технологиясын пайдаланудың маңызына назар аударды. Оның айтуынша, медицина саласында ауқымды ақпарат жинақталған. Жасанды интеллект көмегімен олардың негізінде дұрыс диагноз қоюға, ем-шара тағайындауға және науқастарға мониторинг жүргізуге арналған құралдар дайындауға болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласын реттеу тетіктерін жетілдіруді тағы бір маңызды міндет ретінде айқындады.

Оның айтуынша, бүкіл әлемде жасанды интеллектіні пайдаланудың құқықтық негізі белсенді қалыптасып жатыр.

Президент цифрлық инфрақұрылымды дамытудың маңызына назар аударып, Үкімет мүшелеріне ABCDE моделі (AI, Big data, Cloud, Data Centers, Education) негізінде ұлттық цифрлық ландшафт құрылымын қайта қарау туралы тапсырма берілгенін еске салды.

Президент бүкіл мемлекеттік және квазимемлекеттік цифрлық экожүйені– біртұтас платформаға көшіруді тапсырды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы деректерді басқару тиімділігін арттыру, сондай-ақ киберқауіпсіздікті күшейту мәселесін көтерді.

Одан әрі Мемлекет басшысы ақпараттық жүйелердің осал тұстарына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қорғалған коммуникацияны қамтамасыз етуді тағы бір маңызды міндет ретінде атады.