Экономика

АШМ: Қазақстанда ірі қара саны – 8,8 млн, қой – 21,5 млн, жылқы 4,7 млн басқа жетті

Қазақстанда 2025 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша барлық түрдегі ауыл шаруашылығы малдарының басы тұрақты өсіп отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлім етті.

Ведомство дерегінше, ірі қара мал саны 8,8 млн басқа жетіп, 8,3%-ға артты. Соның ішінде сиыр – 4,5 млн бас (+16,3%). 2,7 млн бұзау алынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,5%-ға көп.

Ұсақ мал басы 0,8%-ға өсіп, 21,5 млн басты құрады. 7,6 млн қозы алынды (+4,8%).

Жылқы саны 4,7%-ға көбейіп, 4,7 млн басқа жетті, 1 млн құлын алынды (+8,1%).

Қаңтар–маусым айларында 529,9 мың тонна ет өндірілді (+1,5%), оның ішінде сиыр еті – 182,3 мың тонна, қой еті – 56,4 мың тонна, жылқы еті – 69,3 мың тонна.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, ет өнімдері бағасының өсуі ішкі және сыртқы объективті факторларға байланысты: коммуналдық қызметтер, энергия ресурстары, жем-шөп пен жанар-жағармайдың қымбаттауы, сондай-ақ жоғары экспорттық сұраныс.

- Ішкі нарықты қорғау үшін тірі малды әкетуге уақытша шектеулер енгізіліп, ет өнімдерін экспорттауға бақылау күшейтілді. 10 қазанға дейін ірі қара мен ұсақ малдың аналық басын әкетуге тыйым салынған. 15 мамырдан 15 тамызға дейін ірі қара бұқаларын әкетуге тыйым енгізіліп, бұл шектеу 16 тамыздан 30 қазанға дейін ұзартылатын болады, - делінген ақпаратта.

Қаңтар–мамыр аралығында сиыр еті экспорты 12,3 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4 есе өсті. Қой еті экспорты – 9,2 мың тонна (+2,6 есе).

Елде қуаттылығы 534 мың басқа дейінгі 300 ірі қара бордақылау алаңы және 15 ұсақ мал алаңы жұмыс істейді. Толық жүктелмеу себептері – жас малды сатып алуға қолжетімді айналым қаражатының тапшылығы және банктік несиенің қымбаттығы.

Осыған байланысты Үкімет 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосты. 30 шілдеден бастап бордақылау алаңдарына жас мал, жем-шөп және жанар-жағармай сатып алу үшін өтінім қабылдануда. Бұл мақсатқа 50 млрд теңге бөлініп, алаңдардың жүктемесін 34%-дан 60%-дан астамға арттыру жоспарланған.

Алдағы уақытта асыл тұқымды мал сатып алу және тұқымдық сапаны жақсарту үшін жылдық 6% мөлшерлемемен «Ігілік» жаңа бағдарламасы іске қосылады.

Бұл шаралар өндірісті арттыруға, бағаны тұрақтандыруға және халықты сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған.