сәрсенбі, 6 тамыз, 2025 23:13

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Жас жол инспекторларының (ЖЖИ) республикалық слетінің ашылу салтанаты өтті.

Жас жол инспекторларының (ЖЖИ) республикалық слетінің ашылу салтанаты өтті.
Фото: Oimaqnews.kz
Бүгін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі бірлесіп, жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын балалар жарақаттарын азайтуға бағытталған Жас жол инспекторларының (ЖЖИ) республикалық слетінің ашылу салтанаты өтті.

«Жас жол инспекторлар слеті – балаларды жолда жауапкершілікке баулитын маңызды бастама. Биылды «Профилактика жылы» деп жариялап, балаларды жол жүру ережелеріне үйрету жұмыстарын күшейттік. Оның үстіне Заң және Тәртіп қағидаты бар.  Бұл – қоғамда заң мен тәртіпті сақтау үшін құрылған нақты жүйе. Соңғы 20 жылда жол-көлік апатына ұшырайтын сана айтарлықтай азайды. Алайда, осындай оң нәтижелерге қарамастан, біздің басты мақсатымыз – жолдағы өлім-жітімді нөлге дейін азайту. Бұған жетудің маңызды жолдарының бірі – балаларға жас кезінен бастап құқықтық тәрбие беру», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.

 

Нақты мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында ғана жол-көлік оқиғаларынан 135 бала көз жұмған. Ал Еуропалық көлік қауіпсіздігі кеңесінің ақпараты бойынша Еуропа елдерінде жол апатынан болатын балалар өлімі жылына 100 мың балаға шаққанда 2 жағдайдан аспайды. Демек елімізде осы бағытта шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет. Профилактикалық жұмыстың басым бағыттарының бірі – өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Айта кету керек, мемлекеттік деңгейде балаларды жол қозғалысы ережелеріне үйрету шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Еліміздегі мектептердің басым бөлігінде «Жас инспекторлар жасақтары» жұмыс істеп, республикамыздың түкпір-түкпірінен 70 мыңнан астам оқушыны біріктіреді.

Биылғы слетке еліміздің 20 өңірінен 200-ден астам қатысушы жиналды. Оның үстіне, шара халықаралық сипат алып, Қырғызстан өкілдері де қосылды.

«Мұндай ауқымды шараға қатысу  біз үшін үлкен мәртебе. Бұл жол қауіпсіздігін насихаттауға бағытталған балалардың ортақ мақсатын біріктіретін маңызды бастама. Біздің ел намысын қорғауға Чүй облысындағы Военно-Антоновка ауылының мектеп-гимназиясынан іріктелген, белсенді әрі жауапкершілігі жоғары оқушылар келді. Олар жол ережесін жақсы меңгеріп қана қоймай, өз қатарластарына үлгі бола алады», - дейді Қырғыз Республикасы ІІМ Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бас басқармасының инспекторы, милиция капитаны Гүлназ Орозалиева.

Тәжірибе көрсеткендей, жас иснпекторлар қозғалысы белсенді дамыған өңірлерде балалардың жол апатынан зардап шегу фактілері азайып, оқушылардың құқықтық сауаты мен полицияға деген сенімі артып келеді. Оған балалардың өздері де атсалысуда.

 

Мысалы, Өскемен қаласы А.Байтұрсынов атындағы номери 20 орта мектебінің 7-сынып оқушысы Биғаным Әділқызыжол қауіпсіздігі тақырыбында қысқа видео түсіріп, мектебіне көрсеткен. Бейнеролик көптің көңілінен шығып, әкімдіктің қолдауы нәтижесінде енді арнайы видеожобалар сериясын қолға алған. Биғанымның сөзінше: «Полиция қызметкері болу жай ғана форма кию емес, бұл әрбір ісіңе мұқият болуды талап ететін жауапты мамандық».

Жас жол инспекторлар слеті тек алдын алу шарасы ғана емес, сонымен қатар жасөспірімдер арасында азаматтық жауапкершілікті қалыптастырып, заңға құрметпен қарауға тәрбиелейді. Оның үстіне, көптеген оқушылар болашақ мамандығын дәл осы саламен байланыстырып, жол қауіпсіздігі саласында қызмет етуді қалайды.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар