Итімен автобусқа кіре алмаған алматылық полиция шақыртқан
Алматы тұрғыны итімен қоғамдық көлікке мінбек болған. Алайда автобус жүргізушісі оларды қоғамдық көлікке кіргізбей қойған.
Бойжеткеннің сөзінше, үй жануары автобусқа кіру үшін барлық заң талаптарына сай болған. Ол химиотерапиядан шыққан итін ертіп үйге қайтып бара жатқан.
Ол сол сәтте полиция шақырып, жағдайды толық баяндаған. Полиция иттің аузында тұмылдырығы бар екенін растап, жүргізушіге оның әрекеті дұрыс емес екенін түсіндірген. Алайда жүргізуші өз айтқанынан қайтпаған. Кейін автор полиция бөлімшесіне барып, жүргізушінің үстінен арыз жазған.
Жас қыз итін апта сайын ветеринарлық клиникаға апаратынын, үй жануары барлық екпені алғанын және үнемі күтім жасалатынын атап өтті. Жазба авторы алдағы уақытта автобус жүргізушісін сотқа беретінін жеткізді.