«Кінәсіз адам түрмеде отырмауы керек»: Астанада адвокаттар тергеушілердің әрекетіне шағым жасады
Іс не үшін қудаланды.
Астанада екі адвокат журналистерді жинап, арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, өз қорғауындағы адамдар жазықсыздан жазықсыз қудаланып жатқанын мәлімдеді. Олар тергеу органдарының әрекеттерін заңсыз деп атап, іске ең жоғары деңгейде мән-маңыз берілуі керек деп мәлімдеді. Qaz365.kz тілшісі олардың уәжін тыңдап қайтты.
Іс не үшін қозғалды? Арыз кімдерден түсті?
Алматы қаласы полиция департаменті 2023 жылдың 3 тамызы мен 14 тамызында қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігімен (алаяқтық) жалған құжаттар арқылы жер телімдерін сату фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Атап айтқанда, тергеушілердің назарына Алматы қаласы Ерменсай мен Архат ықшам ауданындағы екі жер телімі ілінген. Арызданушылар бұл жер телімдерін күдіктілер заңсыз сатты деп шағым түсірген.
Адвокаттардың айтуынша, қылмыстық істер тіркелген сәттен бастап, тергеу айыптау бағытымен жүргізілген. Аталған істер заң талаптарын бұза отырып тіркелген, себебі келтірілген залал тексеру, ревизия, аудит және өзге де актілермен расталмаған.
Аталған іс бойынша былтыр 27 сәуірде Р. М. Хутиев деген азамат сырттай күдікті деп танылады. Сол жылы 6 мамырда оған сырттай іздеу жарияланады. 2024 жылы 21 мамырда Алматы қаласы мамандандырылған тергеу сотының қаулысымен, оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы сырттай белгіленеді. Бірақ іс тіркелгеннен бастап Астанада тұратын Хутиевтің өзі тергеуге шақырылмаған, еш шақырту алмаған, оған тіпті бұл жайттар хабарланбаған. Оның адвокаты Бейбітжан Сайлауұлының сөзінше, оны іздеуге жариялау – заңсыз.
«Жалпы бұған дейін негізгі қылмыстық іс бойынша төрт адам сотталды. Сотталған төрт адам да Руслан Хутиевті ұйымдастырушы ретінде атап көрсетпеген. Олар тіпті бір-бірін білмейді. Тергеуде де, сотта да бұл дәлелденген факт», - дейді адвокат.
Бейбітжан Сайлауұлының айтуынша, егер қылмыстық іс «алаяқтық» бабымен қозғалса, келтірілген шығын да атап көрсетілуі тиіс. Ол шығындарды аудит немесе арнайы сарапшылар растауы керек. Алайда мұндай қорытындылар жоқ болғанына қарамастан, полиция қылмыстық істі тіркеген.
Бір рет қана тергеген
Хутиевтің өзі Астана қаласының полиция департаментіне тергеушілердің шақыруымен барған. Оның алдында сотта Zoom арқылы куә ретінде жауап берген (негізгі іспен сотталғандардың ісі бойынша). Бейбітжан Сайлауұлы егер Хутиев расымен іздеуде болса, онда ол Астана полициясы оны ұстамағанына таңғалады.
«Хутиев ешқайда қашқан да жоқ. 2024 жылы сәуірде оны күдікті деп таниды да, мамырда оған іздеу жариялайды. Бірақ құқықтық статистика комитетінің есебіне қарасақ, Хутиевке іздеу сол жылы 3 қыркүйекте жарияланған. Демек, тергеушілер сотты да, прокуратураны адастырып, Хутиевті қамауды ғана көздеген», - дейді адвокат.
Қылмыстық іс материалдарында алаяқтықтың ұйымдастырушысы Хутиев деп көрсетілген. Алайда ол Алматы, Қарағанды, Рудный қалаларында қылмыстық құқықбұзушылық жасалған кезеңде болмағаны іспен дәлелденген. Ол қылмыстық іс бойынша басқа тұлғаларды танымайды, жер телімдерінің орналасқан жерін де білмейді. Адвокаттың мәліметінше, Руслан Хутиев ұсталған сәттен бастап бір реттік қана тергеу амалынан басқа ешқандай тергеу әрекеттері жүргізілмеген, ал бұлтартпау шарасы ұзартыла берген. Өзіне қатысты қаулылармен тек 2025 жылы 18 сәуірде ғана танысқан.
«Хутиевтің ұялы телефоны тыңдалған кезде ол қылмыстық істегі бірде-бір фигурантпен сөйлеспегені анықталды. Қылмыстық іс тіркегеннен бастап, 2025 жылы 2 маусымда сотқа істі жөнелткенге дейін Хутиевпен бір ғана қылмыстық істі тергеу әрекеті жүргізілген. Жауап алынған. Басқасы болмаған», - дейді Бейбітжан Сайлауұлы.
Адвокаттың сөзінше, Хутиевтің күдікті екенінің негізділігі ешқандай дәлелмен расталмаған. Оған қатысты күдік тек Дина Баймағамбетованың танып көрсетуіне негізделген, ол өзі де күдікті. Адвокат Сайлауұлы Баймағамбетованың бұрын Рудныйдағы психиатриялық ауруханада есепте тұрғанына назар аударады.
«2024 жылы 14-15 наурызда тергеуші Баймағамбетованы тергеуге шақырған кезде ол сот-медициналық сараптама тағайындауы керек еді. Демек, шақырылған адамының өз әрекетіне жауап бере ала ма, жоқ па, қарауы керек болатын. Баймағамбетова фотоны көрсеткен кезде сенімсіз түрде менің қорғауымдағы Хутиевті танитын болып шығады. Баймағамбетованың өзіне жала жауып, Хутиевты жалған айыптайтыны туралы мәлімет 2025 жылы 14 ақпандағы №40п маманның қорытындысымен расталады. Сараптама тергеушінің әрекеттерінде Баймағамбетова Д.-ға психологиялық қысым көрсетілгенін, сұрақтарды жетелеу және «көмекші ымдар» арқылы оның берген жауабының мазмұнын өзгертуге тырысқанын көрсетті», - дейді адвокат.
«Баймағамбетова тергеушілерден қорқады»
Күдікті Дина Баймағамбетованың адвокаты Ержан Нұрпейісов Бейбітжан Сайлауұлының сөзін растайды. Оның айтуынша, Баймағамбетоваға мәжбүрлеп жауап алып, фотокарточка арқылы Хутиевті тану процесін жүргізген.
«Фотокарточкамен тану процесі видеожазбамен жүргізілген. Видеожазбаны көргенімде Баймағамбетова бірдеңенің ықпалымен немесе қысыммен жауап беріп отырғанын байқадым. Дөп айтар сарапшы емеспін, бірақ жауапты өз еркімен, еркін беріп отырмағанын анық көрдім. Соған байланысты мен қосымша сараптаманы тәуелсіз психологпен жүргізуді жөн деп шештім. Психологқа видеоны көрсеттім. Сараптама дайын. Сарапшы Баймағамбетованың моральдық және психологиялық қысыммен жауап беріп отырғанын растап берді», - дейді ол.
Баймағамбетова Бас прокуратураға өзі мен Хутиевке жалған жала жапқанын және мұны қысыммен жасағанын жазбаша түрде хабарлаған, алайда бұл өтінішке лайықты шаралар қолданылмаған. Сот отырысы барысында үш куәгер тергеу кезінде Хутиевке қарсы жалған айыптауға итермелеу әрекеттері болғанын мәлімдеген. Қазір Баймағамбетованың өзі де күдікті. Халықаралық деңгейде оған іздеу жарияланған.
«Ол тергеу органдарына келе алмайды. Тергеушілерден қорқады. Соған қарамастан, ол өзінің үнін жеткізгісі келеді. Мен одан куәгер ретінде жауап алынса деп өтініш бердім. Тиісінше, іздеуде болса да, жауап бергісі келеді. Бірақ судья оның статусы бекітілмеді деп бас тартып отыр», - дейді адвокат.
Іске қатысты басқа да жайттар
Адвокаттар Хутиевті бір қылмыстық іс бойынша күдіктілермен бір камераға отырғызып қойғанына назар аудартады. Мұны Хутиевке істі мойындату мақсатында жүргізілген әрекет деп есептейді. Одан бөдек, Хутиевтің ағаларының үйлерінде де тінтулер жүргізілген. Адвокат мұның бәрі өз қорғауындағы адамға қысым деп санайды.
«Бұл баспасөз конференциясы біздің қорғалушымызды ақтап алу үшін емес, әділеттілікке қол жеткізу мақсатында өткізіліп отыр, кінәсіз адамдар сотталмауы керек. Сонымен қатар Алматы қаласының құқық қорғау органдарындағы заңсыз әрекеттерге назар аудару мақсатында Президент әкімшілігі мен Бас прокуратураның назарын аударғымыз келеді, өйткені олар бір-бірінің заңсыз әрекеттерін жасырып отыр», - дейді адвокаттар.