Астанада ерлі-зайыптылар баласының еміне жиналған ақшаны жымқырған
- авторОймақ
- 25 шілде, 2025
- 48

Астанада ерлі-зайыптылар балаларының еміне жиналған 1,3 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлады Oimaqnews.kz turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында мәлім етті.
Оның мәліметінше, Дәулет пен Толқын Тотақановтар ауыр диагноз қойылған ұлдары Әлтайырға ота жасау үшін қаражат жинаған. Емге қажет 50 миллион теңге баланың Instagram парақшасы арқылы жиналған. Алайда ата-анасы жарнамаға ақша салып, белсенді түрде қаражат жинауды жалғастыра берген. Нәтижесінде төрт жыл ішінде олар 350 мыңнан астам адамның көмегімен 1,3 миллиард теңгеден астам қаражат жинаған.
Журналистің айтуынша, нақты емделуге шамамен 6 миллион теңге ғана жұмсалған, ал қалған қаражат жеке қажеттіліктерге – жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алуға, шетелге саяхаттауға және құмар ойындарға кеткен.
Ақпаратты Астана сотының баспасөз қызметі растады.
«Ерлі-зайыптылары 2020 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Instagram желісіндегі (@altair_tota) парақша арқылы баласының ауруына қатысты жалған мәліметтер мен эмоциялық үндеулерді пайдаланып, баланы емдеуге деп қайырымдылық қаражат жинауды ұйымдастырған. Алайда жиналған қаржының едәуір бөлігі (1,3 миллиард теңгеден астам) жеке қажеттіліктерге – құмар ойындарға, брендті киімдерге, саяхаттарға және басқа да мақсаттарға жұмсалған», – делінген сот хабарламасында.
Қазір ата-анаға "аса ірі көлемдегі алаяқтық" және "қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты заңдастыру" баптары бойынша айып тағылып отыр. Қылмыстық іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралуда.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.