Абай-180: мерейтой он күн атап өтіледі
100-ден астам ауқымды іс-шараны қамтитын кешенді жоспар бекітілді.
Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам ауқымды іс-шараны қамтитын кешенді жоспар бекітілді.
Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан, Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов, Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев мерейтойға арналған онкүндіктің бағдарламасымен таныстырды.
Сонымен қатар, 2-6 тамыз аралығында Қазақстанның халық әртісі Майра Ильясованың Абайға арналған гастрольдік концерті Семейден басталып, Үржар, Аягөз, Жарма және Жаңасемей аудандарында жалғасады.
3 тамызда Абай театрында «Абай әлемі» рухани кеші өтсе, 4 тамызда Секен Тұрысбеков пен «Ақ жауын» оркестрінің қорытынды концерті ұсынылады.
5 тамызда «Ой толғау – Хәкім Абай» монооперасы сахналанады және 6 тамыз күні Абай алаңында «Абай елі – өнер кеніші» концерті мен Ә.Бөкейханов университетінде «Өлең сөздің патшасы» атты жас ақындар мүшәйрасы өтпек.
10 тамыз – Абай күні. Бұл күні таңертең Жидебайда Құран бағышталып, құрбандық шалу рәсімінен бастау алады. Одан соң еліміздің барлық өңірінде Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылмақ.