Спорттық шара ұрпақтар сабақтастығын нығайтты
Талдықорған қаласында шағын футболдан дәстүрлі турнир өтті.
Спорттық шара Сарқан ауданына қарасты Қарабөгет ауылының 1980 жылы туған азаматтарының бастамасымен ұйымдастырылып, марқұм болған ауылдастардың рухына арналды.
Турнирдің басты мақсаты – өмірден озған азаматтарды еске алып, ауылдастар арасындағы достықты, бірлікті нығайту, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету және жастарды салауатты өмір салтына баулу.
Бұл жолғы жарыс марқұм болған азаматтар – Әйтенов Әділ Дүйсетайұлы, Нұрғалиев Айдынбек Байғалиұлы, Бажаев Алмат Маратұлы, Кирисбеков Дулат Қожахметұлы және Бөлегенов Регистан Маратұлының жарқын бейнесіне арналды.
Биыл үшінші мәрте ұйымдастырылған турнирге 11 команда қатысты. Жүлделі орындар келесідей үлестірілді: I орын – 2001 жылғы түлектер (100 000 теңге), II орын – 1980 жылғы түлектер (70 000 теңге), III орын – 1988 жылғы түлектер (50 000 теңге), IV орын – ынталандыру сыйлығы. Сонымен қатар үздік ойыншыларға арнайы кубоктар, медальдар, мадақтамалар және қаржылай сыйлықтар табысталды.
Ал «1988» командасының мүшесі Нұрбол Берікболұлы өз ойын былай жеткізді: «Әр ойын сәтінде тек футбол емес, шынайы достық пен өзара қолдауды сезіндік. Осындай кездесулер күнделікті тіршілікте алыстап кеткен бауырларды қайта табыстырып, ұрпақтар сабақтастығын күшейтеді».
Турнир барысында Құран бағышталып, марқұм азаматтардың рухына ас берілді. Бұл игі шара елдік пен ерлікке, достық пен құрметке бастайтын ізгі дәстүрге айналды.