Әлеумет

Грант конкурсына өтініш қабылдау: министрлік бірінші күннің қорытындысын жариялады

13 шілдеде білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау кампаниясы басталды. Ғылым және жоғары білім министрлігі алғашқы күннің қорытындысын жариялады.

Бірінші күннің қорытындысы бойынша 10 мыңнан астам талапкер грант конкурсына қатысуға ниет білдіріп, өтініштерін жіберген.

Ең көп өтініш "Педагогикалық ғылымдар" және "Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары" бағыттарына берілген.

Айта кетейік, білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау 20 шілдеге дейін жалғасады.

Биыл құжаттарды egov.kz порталы арқылы онлайн немесе жоғары оқу орындарындағы қабылдау орталықтары арқылы (кез келген жақын орналасқан ЖОО-да) тапсыруға болады.

Грант конкурсына қатысу үшін талапкерлер жеке куәлік, ҰБТ сертификатын, 3х4 көлеміндегі фото, орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері үшін диплом) тапсыру керек.

Сондай-ақ жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар ұсыну қажет.