Қоғам

Алматыдағы құбыр зауытында жұмыс істейтін 18 жастағы қызметкердің қолын станок жұлып кеткен

Қызметкерлердің бірі жұлынған қолды да пакетке салып алып барған.

Алматыдағы құбыр зауытында жұмыс істейтін 18 жастағы Бекжанның қолын станок жұлып кеткен. Жантүршігерлік жағдай кәсіпорындағы бейнекамераға түсіп қалған, деп жазады stan.kz. Бекжан алғашында зауытқа жүк тасушы болып жұмысқа тұрған. Бірақ қызметкерлердің бірі оны аппаратқа тұрғызып қойған. Тіпті қауіпсіздік ережелерін де түсіндірмеді дейді бозбала. Кейін өзі еш ескертпестен басқа станокпен жұмыс істеуге кетіп қалып, мені жалғыз қалдырды деп отыр.

Зауыттың басшылығы бұл жөнінде пікір білдіруден бас тартты. Бекжан айтып отырған Саид мырза да қарсы болды. Бірақ кейін райынан қайтып, сұрағымызға жауап берді. Айтуынша, Бекжанға басқа станокқа бара жатқанын ескерткен, бірақ бозбала құлақ аспаған.

Оқиғадан кейін Бекжанды ауруханаға кәсіпорын қызметкерлері апарған. Тіпті жұлынған қолды да пакетке салып алған. Сол себепті Бекжанның анасы балама медициналық көмек уақытында көрсетілмеді деп налиды.

Ол ұлы қажет ем-домын ала алмай қала ма деп қорқады. Сөзінше, зауыт басшылығы 4 миллион теңге ұсынған. Алайда баламның протезі 17 миллион теңге тұрады, қалған ақшаны қайдан аларымды білмеймін деп отыр.