Мен есімімді ешқашан өзгерткен емеспін –Дінзухра Тілендиева
"Балалық шағымда Дінмұхамед Қонаев мен үшін таудай тұлға болды".
Дінзухра Тілендиева "айқын" газетіне берген сұхбатында өзінің екі есімі бар екенін айтты.
"Көзі тірісінде әкем мен Димаш аға екеуі бір-бірімен аға-іні ретінде сыйласып, жақсы қарым-қатынаста болды. Иә, мен бала кезімнен Димаш ағаны көріп өстім. Біз Карл Маркс және Киров, яғни қазіргі Д.Қонаев және Бөгенбай батыр көшесінің қиылысында тұрсақ, Димаш ағамыздың шаңырағы қазіргі Төлебаев көшесінің бойында орналасты. Сол кездері ағам Данияр екеуміз субұрқақтың қасынан өтіп, Димаш ағаның үйіне барушы едік. Ол бізге сағыз бен неше түрлі тәттілерін, өзінің шетелден алып келген сыйлықтарын беріп жіберетін. Расында әке-шешем Қонаев атамыздың әулетін қатты сыйлады. Балалық шағымда Дінмұхамед Қонаев мен үшін таудай тұлға болды.
Мен дүние есігін ашқанда әкем Димаш ағаның үйіне барып: «Сүйінші, отбасымызда қыз бала өмірге келді, қызыма сіздің есіміңізді беруге рұқсат беріңіз», – дейді. Сол оқиғадан кейін есімім Дінзухра деп аталды. Алайда жеке куәлікте есімім Динара деп көрсетілген. Өйткені мен дүниеге келгенде әкем ат қойып үлгере алмағандықтан, анам өзі қалаған есімін берген екен. Кейіннен жеке куәлігімді алған уақытта анам маған: «Динара, үлкен тұлғаның есімін алып жүру оңай емес. Бірақ сен сахнада Дінзухра боласың. Екінші есімің Дінзухра болып қала береді», – деп түсіндірді. Кейде әлеуметтік желідегі оқырмандар «Есімі Дінзухра еді ғой, неге Динара деген атқа ауысып кетті?» деп сұрап жатады. Мен есімімді ешқашан өзгерткен емеспін"..