Қарағандыда Ұлттық домбыра күніне орай кеш өтті
Домбыра – ата-бабамыздың аманаты, рухымыздың тірегі.
«AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалында өткен кездесуде күйшілер мен жастар күй өнерін дәріптеп, жастарды тарихи мұраға құрметпен қарауға шақырды.
Ұлттық домбыра күні аясында Қарағандыда «Күй мен аңыз» атты рухани-танымдық кездесу өтті. Шараны «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы ұйымдастырып, оған республикалық конкурстардың лауреаттары мен тәжірибелі күйшілер, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында күй тарихы, оның қалыптасу кезеңдері мен қазақ руханиятындағы орны жан-жақты талқыланды. Қатысушылар домбыра халықтың ғасырлар бойғы шежіресін, тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрі мен дүниетанымын әуез арқылы жеткізетін бірегей өнер екенін атап өтті. Жиында күйдің әуезіне сіңген тарихи оқиғалар мен аңыздар кеңінен әңгімеленіп, домбыраның күмбірі арқылы қазақтың асқақ рухын, ерлік дәуірі мен елдік мүддесін ұрпаққа жеткізудегі рөлі ерекше бағаланды. Қатысушылар бұл өнердің тәрбиелік мәнін, жастардың ұлттық құндылыққа деген құрметін арттырудағы рөлін баса назарға алды.
Тәттімбет атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрінің домбырашылары – ҚР мәдениет қайраткері Сәлім Ізтелеуов пен Жәпен Әли, сондай-ақ Таңатар оркестрінің әртісі Назгүл Балкенқызы өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұлттық өнерді сақтап, дамытуға шақырды.
«Домбыра – ата-бабамыздың аманаты, рухымыздың тірегі. Біз жастарға күйдің әр әуенінде тұтас халықтың тарихы мен тағдыры жатқанын ұғындыруымыз керек. Домбыра сазы – тек музыка емес, ол – ұлттың жан даусы, жүрек үні. Қай заманда да қазақтың бойына рух пен қайрат берген, бірлік пен ынтымаққа үндеген күш осы күй өнерінде жатыр. Сондықтан ұлттық өнерді тек дәріптеп қана қоймай, оны күнделікті өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналдыру – әрқайсымыздың борышымыз. Ұрпаққа домбырамен бірге халықтың өнегесі мен ерлік рухын да жеткізуіміз қажет», - деді Сәлім Ізтелеуов.