
Зал лық толы. Шынайы оқиға желісімен сахналанған қойылымнан ерекше әсер алған көрермен көзіне еріксіз жас алды. Театрсүйер қауымның көбеюі, онлайн билет кассасындағы аншлагтың болуы – театр үшін жетістік. Сәтті шыққан спектакльдің режиссері – Әли Бидахмет.
«Залымызды сіздердей көрермен толтырмаса, бұл спектакль дәл қазіргідей деңгейге жетпейтін еді. 2024 жылдың 24-25 қазанында көрерменге ұсынылған премьера осы уақытқа дейін 10 мыңнан артық көрерменді қабылдаған екен. Және биыл Тикетон премиясын ұйымдастырған театр бөлімі бойынша біздің қойылым жылдың үздік спектаклі деп танылды» – деді режиссер Әли Бидахмет.
«Танакөз» поэмасы – ғажайып лирикалық дүние. Оның қағаз бетіне түскеніне 30 жылға таяды. Бұл уақыт арасында аталмыш шығарма көптің есінде қалып, бірқатар театрдың сахнасында әртүрлі үлгіде көрерменімен қауышып отырды. Достық пен махаббат деген ғаламат сезімді ерекше эмоция, әуезді әнмен жеткізген қойылымда әдемі мақпал сезімге бөлендік. Спектакльге «Танакөз» поэмасының авторы Мұхтар Шаханов та қатысты.
«Үшеу едік. Қайда барсақ – қасымызда Танакөз, Танакөзбен көңілді еді біздің ерке бала кез». Мелодрама жанрындағы спектакль қазіргі қоғам шөліркеген рухани қажеттілікті осы үшеудің арасындағы «Дос» ұғымы арқылы шегелеп ұғындырып берді. Поэмамен таныс көрермен қойылымның сценарийден ауытқымай, еш бояусыз көрсетілгенін бірден ұқты. Қойылым мазмұны бойынша әкеден ұласқан достық Мұхтар мен Мұраттың арасында өрбиді. Екеуі жастайынан егіз қозыдай қатар өседі. Екеуінің ортасында көзі танадай Танакөз де бірге бойжетеді. Мектеп бітіріп, ересек өмірге аяқ басқан екі достың көңілі Танакөзге түсіп, бір-бірінен жасырады. Екі жүрек – Танакөзге ғашық. Әркімнің қолы жетпейтін шынайы махаббат үшін ұзақ жылғы достықтан баз кешу мүмкін бе? Бірақ Мұрат тел өскен досының Танакөзге ғашық екенін біліп, қаладан енді келген Зеркүлге үйленіп, отау құрады. Сезімін іште тұншықтырып, достықты биік қойған Мұраттың бұл шешімі Мұхтар мен Танакөз тағдырының қосылуына ықпал ете алмады. Ал арада сезім болмаған Мұрат пен Зергүлдің өмірі бір арнада тоғыспады. Трактордың астында қалып, екі аяғынан бірдей айырылған Мұраттың қайғысына шыдамай, анасы қайтыс болады. Сонша қиындықтан кейін Зергүлге деген көңілінің болмағанын айтып, кетуін өтінеді. Ал Мұхтар жан досының мұндай трагедияға ұшырағанына бейжай қарамай үйіне келсе, Мұраттың қасынан Танакөзді көреді. Ақырында екі ғашықтың бір-біріне деген сезімі барын түсінеді. Осылайша, үшеуі тағы да ақ көбігін шашып тұрып ағатын Ақсу суында балаша ойнайды. Спектакль осылай тәмамдалды.
Бүгінгі қоғамда жібі сетінеп бара жатқан нағыз достық пен пәк махаббат тақырыбын арқау еткен қойылымның жүгі ауыр. Бұлай деуіміздің себебі –спектакльдің драматургиялық құрылымы кейіпкерлердің эмоционалдық жағдайымен көрінеді. Оның көрерменге жетуі үшін актерлерге артылған талап та жоғары. Түрлі жанрда сахнаға ұсынылатын «Танакөздің» мәні қай кезде де айрықша екені белгілі. Көрерменнің сарғая күтетіні де сондықтан. Ә.Мәмбетов атындағы драма және комедия театрында қойылған «Танакөз» премьерасы театр қоржынындағы алғашқы мелодрама емес. Айта кетейік, премьерадан кейін М. Шахановтың қолтаңбасы қойылған сатылымдағы кітаптар келген қонақтардың қолына тиді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.