Некеге тұруға мәжбүрлейтіндер 10 жылға сотталуы мүмкін
Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова мәжбүрлеп некеге отырғызғандар 10 жылға дейін сотталуы мүмкін екенін айтты.
Мәжбүрлі некеге итермелеу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Бұл туралы Сенат кулуарында Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова мәлім етті,
Осы орайда ол Қылмыстық кодекстегі 125-бап – «Адам ұрлау» бойынша бұған дейін тиісті жаза қарастырылғанын еске салды. Бірақ ол бапта адам өз еркімен босатса, кінәлі тарап жазаға тартылмайтын жағдай бар.
Бұл тұрғыда жаза ретінде 2 жылдан 10 жылға дейінгі мерзім қарастырылған.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстанның қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.
Заң аясында некеге тұруға мәжбүрлеу мен «дропперлік» үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді.