Баянауыл ұлттық паркінде қарақұрттар тағы қаптады
Сондықтан туристік палаткалар тігуге тыйым салынды.
Соңғы үш жыл аралығында Баянауыл туристік аймағында улы жәндік – қарақұрт күрт көбейді. Соның салдарынан туристердің алаңсыз демалуы қиындады. Әсіресе, жазғы уақытта Баянауылдағы Торайғыр көлінің жағасында демалуды қалайтындар көп. Бұл жердің табиғаты да ерекше. Алайда қарақұрттардың осы маңда көп болуы қауіп төндірмей қоймайды. Таяуда "Баянауыл" ұлттық табиғи паркінің мамандары жәндіктердің тағы пайда болғанын анықтап, оларды жою жұмыстарын жүргізді. Бұл аумақ ерекше қорғалатын аймаққа жататындықтан, мұнда қандай да бір химиялық өңдеу жұмыстарын атқаруға болмайды. Қызметкерлер қарақұрттарды қолмен жинап, құтыға салып, кейін өртеп жібереді.
Бұл уақытта Торайғыр көлінің сол жақ жағалауына туристік палаткалар тігуге тыйым салынды. Сондай-ақ, демалушылар мен жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, қарақұрт – улы жәндіктердің бірі. 2023 жылы ұлттық табиғи парк аумағынан мамандар 1593 жұмыртқа мен қарақұрттың 356 ұрғашысын жинап, жойды. Жәндіктің бұл түрі былтыр да аз болған жоқ. Қызметкерлер 523 жұмыртқа мен 124 ұрғашысын өртеді. Тіпті, тамыз айында төтенше жағдай жариялауға тура келген болатын.