Руханият

"Оқи отырып жүрегім қарс айрылардай күй кешкенім жасырын емес": Наркенже не себепті татуласқанын айтып берді

Бұл туралы дәстүрлі әнші Instagram-дағы парақшасында жазды.

Дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева өзінің Instagram-дағы парақшасында өзі қысым көрген басшысымен не себепті татуласқанын айтып берді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап. 

Оның айтуынша, көзінен шыққан ыстық жас ішкі жан айқайы.

«Өмірге сауал! 

Қайырлы кеш жанашырларым!
3 күннен бері болып жатқан жағдайлардан хабардарсыздар. Босқа жылап ұпай жинайтын мен емес. Көзімнен шыққан жас ол менің ішкі жан айқайым. Әлсіз жаратылыспын. Әлеуметтік желідегі әр түрлі айтылып жатқан сыни пікірлерді де қолдау хаттарды да бірін қалдырмай оқып отырмын. Оқи отырып жүрегім қарс айрылардай күй кешкенім жасырын емес. “Хайп үшін”, “неге аяғына дейін бармадың”, “жала жаптың”, “екі жүзділік” т.б деген сияқты пікірлерді де көріп көзімнің жасы көлдей болды. Мейлі. Көптің аузына қақпақ бола алмаймын. Әркімнің өз шындығы бар. Бірақ бір нәрсе анық. Мен халықсыз ешкім емеспін! Елдің ішінен шықтым. Әкем де халық, анам да халық! Кеше Шымқалаға мен үшін уайымдап келген аға, әпкелерге, достарға рахмет! Тәкәппарлық қылмай, кешірім сұрап тұрса әкеңнің болса да құнын кеш деген қазақтай дана жұрттың жұрнағымыз ғой. Кісілік қылмай, кішілік танытайын дедім. Мақсатым аз қазақты алауыз қылу емес! Осы орайда Бекет Есентаев көкеміздің әні мен сөзіне жазылған “ Өмірге сауал” атты туынды назарларыңызға ұсынамын. Мына әнді тыңдап менің жан дүниемді түсінерсіздер… Бәрі уақыттың еншісінде… Қалғаны ішімде қала берсін…. Тыңдармандарым мен сіздерді жақсы көремін! Мен қолдап, қуаттап, қолпаштап отыратын еліме сенемін!», — деп жазды ол.

Айта кетейік, бұған дейін Наркенже Серікбаевамен филармония басшысының арасындағы дауды жазған болатынбыз.