Атыраудағы оқыс оқиға: қарызын сұрағаны үшін соққыға жыққан
Ер азамат жансақтау бөлімінде жатыр.
Ер азамат жансақтау бөлімінде жатыр.Атырауда соққыға жығылған ер адам жансақтау бөлімінде ес-түссіз ауыр халде жатыр. Әйелінің айтуынша, оны танысы 30 мың теңге қарызын сұрағаны үшін бала-шағасының көзінше аяусыз ұрып-соққан, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
Атырау облысы ауруханасының алдында шарасыз күйде тұрған Анаргүл Муғзарова жолдасы Руслан Жолмағанбетов өмір мен өлім арасында жатқанын айтып жылады. Оның айтуынша, мұндай жағдайға душар еткен бұрынғы жұмыстасы, яғни танысы екен. Қарыз алып, бірнеше ай хабарсыз кеткен соң, күйеуі оның үйінің маңынан ұстап алып, ақшасын қайтаруын сұраған. Алайда танысы оны соққының астына алған көрінеді.
Соққыға жығылған азаматқа жедел ота жасалған. Науқас қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр, дейді дәрігерлер.
Туыстары 30 мың теңгеге бола, бала-шағасының көзінше ұрып-соққан 40 жастағы күдіктіні полиция қамауға да алмады деп ашынады. Кешірім сұрауға да жарамады деп отыр.
Ал полиция қылмыстық іс тіркелгенін айтқанымен, тергеу мүддесіне сәйкес, толық ақпарат бермейміз деп отыр.
"18 маусымда Атырау қаласында 85 жылғы ер адамды ұрып-соғу дерегімен қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу жүргізіліп жатыр. 85 жылғы күдікті ұсталып, қазір күдіктіден жауап алынуда. Жәбірленушіге қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Соның нәтижесіне сәйкес процессуалдық шешім шығарылады", - дейді Атырау облысы ПД ресми өкілі Мейірім Ердәулет.
Зардап шегушінің әйелі құзырлы органдардан әділдікті талап етеді. Балаларының көз алдында әкесін ұрып, ессіз күйге түсірген күдікті жазасын алса дейді.