Алаяқтар жаңа тактикаға көшті
Алаяқтар адамдарды алдаудың айла-шарғыларын күрт өзгертті.
Олар енді сіздің смартфоныңызға келіп түскен смс кодты хабарлауыңызды да табанды талап етпейді.
Алаяқтар клиенттің атынан банкке қоңырау шалып, картасының жоғалғанын хабарлайды. Бұл ретте жәбірленушінің жеке деректерін дұрыс атайды. Содан соң қауіпсіздік мақсатында карталар мен шоттарын бұғаттауды сұрайды.
Екіншіден, алаяқтар жәбірленушіге әкімшілік айыппұл салынғаны жазылған смс хабарлама жібереді. Хабарламада кез келген жеке сот орындаушысының шын деректерін – аты-жөнін, мекенжайын, лауазымын және басқа мәліметтерін көрсетеді. Бірақ оның соңында ЖСО-ға емес, алаяқтарға тиесілі телефон нөмірі беріледі.
Үшіншіден, құрбанға жалған "банк қызметкері" қоңырау соғып, оның банктік шоттары бұғатталғанын жеткізеді және "ЖСО" талап еткен айыппұлды төлеген бойда сот орындаушысы бұғатты алып тастайтынын растайды.
Бұл ретте әлгінде айтылғандай, шот шынымен де бұғатталады. Алайда шотты айыппұлы үшін жеке сот орындаушысы емес, "карта иесінің" сұрауы бойынша банк қателесіп бұғаттаған. Демек, азамат өз банкіне жүгініп, картасын бұғаттан өзі босатып ала алады.
Айта кету керек, eGov электронды Үкімет порталында "Әкімшілік айыппұлдарды іздеу және төлеу" мемлекеттік қызметі қарастырылған.
"Құрметті қызмет алушылар! Айыппұлды қате алған жағдайда, Сіз оны Qamqor.gov.kz порталы арқылы өз бетіңізше шағымдануға құқылысыз", – деп жазылған онда.