
Тұрмыстағы зорлық зомбылыққа қарсы заң былтыр 16 маусымнан бастап күшіне енді. Яғни, Президент 2024 жылы 15 сәуірде қол қойған Әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігі туралы заң былтыр осы күні күшіне енген, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz Aikyn.kz.сайтына сілтеме жасап.
Заң қабылданған кезде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин аталған құқықтық құжаттағы жаңашылдықтарды толық талдап көрсеткен болатын. Ол аталған заңға қоғамдағы кеселдермен күрес туралы заң деген баға беріп, негізгі үш мәселеге назар аударған еді.
Бүгін Ерлан Қарин Telegram-дағы парақшасында заңға қатысты жазбасымен бөлісіп, заң қабылдау нәтижесінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері едәуір азайғанын атап өтті. Мемлекеттік хатшы өз парақшасында заңның тиімді тұстарына тоқталып, бір жылдағы негізгі төрт нәтижеге тоқталған:
Мемлекет басшысы билікке келген кезден бастап әйелдер мен балалардың құқығын қорғау саясатын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы ымырасыз күресу өзінің мызғымас ұстанымы екенін үнемі айтып жүр. Қабылданған заңның және мемлекет жүзеге асырып жатқан нақты шаралардың нәтижесінде Қазақстанда әйелдер мен балалардың құқығын қорғаудың озық заңнамалары мен тиімді жүйесі қалыптасты.
Нәтижесінде, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері едәуір азайды. Мысалы, жыл басынан бері құзырлы органдарға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты түскен арыздардың саны былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 20,5%-ға төмендеді.
Бұған қоса, ауыр және аса ауыр сипаттағы тұрмыстық қылмыстың саны азайған. Жыл басынан бергі бес айда аса ауыр тұрмыстық қылмыс 44%-ға, ауыр отбасылық-тұрмыстық қылмыс 29%-ға төмендеген.
Сонымен қатар бес айда кәмелет жасына толмағандарға қарсы жасалған жыныстық сипаттағы қылмыс саны 21,3%-ға, педофилияға қатысты қылмыс саны 40,7%-ға азайған.
Жалпы, мемлекет тарапынан қолға алынған ұйымдастыру шаралары мен құқықтық шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда әйелдердің құқықтарын бұзған қылмыс саны екі есе азайған.
Сонымен қатар Ерлан Қарин жазаның күшейтілуі мен алдын алу шараларының жаңа тәсілдері өз жемісін берді деген пікір білідіріп, оны нақты мысалдармен толықтырды:
1. Отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылықтарды анықтау көрсеткіштері айтарлықтай артты. Жаңа тәсілдің, яғни, ресми түрде арыз берілмесе де, өңірлерде құрылған жедел топтардың, полиция қызметкерлерінің, куәгерлердің берген деректері мен әлеуметтік желілерді сараптаудың нәтижесінде биылғы қаңтар-мамыр айларында 19 мыңнан астам осындай оқиға анықталды.
2. Мектептерге «111» мемлекеттік байланыс орталығының QR-коды орнатылғаннан кейін балалар арасындағы зорлық-зомбылық, буллинг, күрделі психикалық-эмоциялық жағдайларды анықтау көрсеткіші артты. Биыл 5 айдың ішінде 86 мың бала осы қызмет түріне жүгінген. Соның ішінде 2 мыңнан астам бала зорлық-зомбылықтан, буллингтен, сыныптастарымен, ата-анасымен күрделі қарым-қатынастан күйзеліске түскенін айтып көмек сұраған. Балалар өзіне өзі қол жұмсамақ болған 28 оқиға анықталып, қатердің беті қайтарылған. «111» қызметіне хабарласқан азаматтардың саны да көбейіп келеді. Соңғы бес айда бұл нөмірге балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, психологиялық көмек алу және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін айту үшін және басқа да әлеуметтік мәселелермен 62 мың ересек адам хабарласқан.
3. Отбасыларға, әйелдер мен балаларға көмек көрсету ауқымы кеңейді. Қазірге дейін психологиялық көмек көрсететін 20 орталық ашылды. Еліміздегі 112 қала мен ауданда отбасыларды қолдау орталықтары жұмыс істеп тұр. Осы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде 34 мың отбасына әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсетілді, 2 мың отбасына әлі де көмек көрсетіліп жатыр.
4. Агрессормен психологиялық жұмыс жүргізу зорлық-зомбылықтың алдын алудың жаңа тәсілі ретінде дамып келеді. Биыл сот үкімімен 52 «бұзақы» денсаулық сақтау мекемелерінде психологиялық көмек алуға міндеттелді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.