ЮНЕСКО-да Нұрғиса Тілендиевке арналған көрме ашылды
Көрмеге 70-ке жуық жәдігер қойылған.
Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ұлы композитор, дирижер, Халық қаһарманы, қазақ музыкасының заңғар тұлғасы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Шабыт бастауы: Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы» атты халықаралық көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Аса көрнекті өнер иесінің ғасырлық мерейтойы – тек қазақ халқы үшін ғана емес, барша өркениетті әлем үшін елеулі оқиға. Бұл маңызды дата ЮНЕСКО тарапынан халықаралық деңгейде аталып өтетін мерейтойлар қатарына енгізілді. Осы арқылы әлем жұртшылығы Нұрғиса Тілендиевтің азамзатқа сіңірген өлшеусіз еңбегін мойындап, қазақ өнерінің рухани қуатын тағы бір мәрте танып отыр.
Аталмыш көрмеде Алматы қаласындағы Музейлер бірлестігінің қорынан алынған 70-ке жуық құнды жәдігер қойылған. Олардың қатарында композитордың өз қолымен жазған партитуралары, сирек фотосуреттері, жеке заттары, сондай-ақ Ахмет Жұбанов сыйға тартқан «Дариға домбыра» да бар. Айта кетейік, кезінде бала Нұрғисаның музыкалық білім алуына Ахмет Жұбанов себепкер болған еді.
Көрменің ашылу салтанатына ЮНЕСКО-ға мүше елдердің елшілері, дипломатиялық миссия өкілдері, халықаралық ұйым қызметкерлері, Франция жұртшылығы мен сонда тұратын қазақ диаспорасы қатысты. Көрме 19 маусымға дейін жалғасады.
Көрме аясында қазақ және басқа да түркі халықтарының ұлттық музыкалық аспаптары ұсынылды. Алты тақырыптық бөлімнен тұратын көрме экспозициясы композитор шығармашылығының сан қырын аша түсіп, қазақ музыкасының терең тамыры мен өрісі кең болмысын бейнелейді.
«Бұл көрме - қазақ музыкасының алтын арқауы болған тұлғаның мұрасына көрсетілген зор құрмет. Бұл - түркі дүниесінің ортақ рухани кеңістігін жаһандық деңгейде танытудың жарқын көрінісі», - деді Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов.
Көрмені Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Музейлер бірлестігі ұйымдастырды. Жобаның жүзеге асуына Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры атсалысты. Жоба қазақтың бай музыкалық мұрасын шетел жұртшылығына кеңінен танытуға бағытталған.
Нұрғиса Тілендиевтің өмір жолы - тұтас бір дәуірдің шежіресі. Ол 500-ден астам музыкалық туынды жазып, 50-ден аса драмалық қойылым мен 20-ға жуық кинофильмге музыка жазған. 12 жасында оркестрдің концертмейстері атанып, 14 жасында дирижердің көмекшісі болды. Ұлы Отан соғысына жасына қарамастан аттанып, елге оралған соң Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясын тәмамдады. Кейін Мәскеудегі консерваторияда оқып, сол оқу орнының алғашқы қазақ студенті атанды.
Нұрғиса Тілендиев - Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, Құрманғазы атындағы халық аспаптар академиялық оркестрінің бас дирижері, сондай-ақ өзі негізін қалаған «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі болған қазақ музыкасының көрнекті тұлғасы.