сенбі, 7 маусым, 2025 4:32

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам

Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам
ғаламтор
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айт мерекесімен құттықтады

Баршаңызды исі мұсылман баласының ұлық мейрамы – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге Алладан амандық, мықты денсаулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін!

Шын мәнінде, Құрбан айт – жалаң құрбандық емес, ол –  ішкі жан-дүниеңді тазарту мен рухани тұрғыдан жаңғыру деген сөз. Расында «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр.

Қасиетті Құранда «Хаж» сүресінің 37-аятында: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» делінген.

Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы Құрбан айт күні құрбан шалудан өзге амалымен Аллаға жақындаған емес...» деп, бұл күндері Аллаға ұнамды әрі ең сүйікті амал – құрбан шалу екенін жеткізген.

Материалдық мүмкіндігі бар, əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп (міндет). Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемейді. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.

Құрбан айт тек құрбан шалумен шектелмейді. Бұл – ағайын арасын жақындата түсетін күн. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жолын ұстанады. Айт күндері туысқанның басын қосып, қарым-қатынасты күшейткен абзал.

Құрбан айт – отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анамызға, бала-шағамызға сыйлық беріп, оларға арнайы көңіл бөліп, барынша қуантайық. Мұндайда өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтеді.

Қожа Ахмет Ясауи бабамыз бір даналық сөзінде Хаққа қызмет халыққа қызмет етуден басталатынын айтқан. Бұл – халықтың разылығы – Хақтың разылығында деген сөз. Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын мал құнын қолдан көтермей, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын.

Сонымен қатар, барша кәсіпкерлерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін. Алланың рақым нұры төгілетін Құрбан айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің алғысын алайық, ағайын!

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар