
11 жастағы бала Конаев қаласындағы демалыс базасында ток ұру салдарынан көз жұмды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Бұл ақпаратты қала әкімдігінің баспасөз қызметі растады.
Қайтыс болған баланың әпкесінің айтуынша, жағажайда сымдар салбырап тұрған. Әйел адамның сөзінше, база әкімшілігі бұл мәселе туралы бұрыннан хабардар болған, себебі бұған дейін сол жерде сиырлар да токқа түсіп өлген.
«Інімнің баласы барханға ойнауға барған. Бәлкім, салбырап тұрған сымды көрмей қалған шығар, себебі ол аспанмен бірдей болып, байқалмай қалған. Ток ұрып өлтірді. Қорытынды бар. Әжеміздің айқайына жүгіріп келген бір қызды да ток ұрды. Оның денесінде екінші дәрежелі күйік бар. Ініме еңкей деп айғайлап үлгерді. Тағы бір жігітті де ток жеңіл түрде ұрған», – деп жазды баланың туысы.
Конаев әкімдігі оқиға орын алған электр желілерінің жеке меншік иелігінде екенін хабарлады. Қайғылы жағдайдан кейін тіректер жағажайдан алыс жерге ауыстырылды.
«Бұл факті бойынша Конаев қаласының полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы, 3-бөлігі ("Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету, абайсызда адам өліміне әкелу") бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары жүргізілуде. Жағдай бақылауда», – делінген хабарламада.
Аталған бап бойынша 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.