Сенат Қазақстан мен Қырғызстанның инвестицияларды қорғау туралы келісімін мақұлдады
- авторОймақ
- Бүгін, 10:31
- 40
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз Министрлер Кабинеті арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы заңы мақұлданды.
Бұл келісімге 2024 жылғы 19 сәуірде Қырғыз Республикасы Президентінің Астанаға ресми сапары барысында қол қойылған. Оның жаңа нұсқасын қырғыз тарапы атқарушы билік құрылымындағы өзгерістерге байланысты 2021 жылы қайта ұсынған болатын.
— 1997 жылы жасалған бұрынғы келісім шамамен 30 жылдан кейін халықаралық және ұлттық заңнамадағы өзгерістерді ескере отырып, жаңартуды қажет етті. Инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы келісімдер инвестициялардың сенімділігінің маңызды көрсеткіші болып табылады, - деді сенатор Геннадий Шиповских.
Жалпы, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестиция салаларындағы екіжақты ынтымақтастық өсіп келеді. Бүгінде Қазақстан Қырғызстанның үшінші ірі сауда серіктесі.
– Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 2024 жылы 1,71 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстаннан экспорт 9,6%-ға өсіп, 1,3 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл біздің экономикалық қарым-қатынасымыздың тұрақтылығын көрсетеді. Қырғызстанмен стратегиялық әріптестік Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияны одан әрі дамыту перспективаларын ашады, бұл біздің халықтарымыз арасындағы байланыстың нығаюына ықпал етеді, - деді Сенатор.
Оның айтуынша, келісімді іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқпайды және республикалық бюджеттен қосымша шығыстарды талап етпейді.
– Аталған заң жұмыс тобының және комитеттің отырыстарында жан-жақты қаралды. Сенаттың тұрақты комитеттерінен ескертулер мен ұсыныстар түскен жоқ. Жоғарыда айтылғанды ескере келе, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын мақұлдауды ұсынады, - деді Геннадий Шиповских.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.