Ұлт рухын тербеткен бұлбұл
Халықтың үнімен үн қосқан, жүректен төгілген әнімен дүйім жұртын тамсандырған Майра Мұхамедқызы — қазақтың мақтанышы, өнер аспанындағы жарқыраған шоқ жұлдызы. Жүрек тербетер күміс үнімен танылып, әлем сахналарын бағындырған Майра Мұхамедқызы — ұлтымыздың мақтанышы, академиялық ән салу яғни опера өнерінің майталманы.
Тумысынан өнерге жақыны тұлға
1969 жылы Қытайдың Іле аймағында Құлжа қаласында өмірге келген Майраның бойына өнер ананың сүтімен дарыған. Әкесі — ұлт әндерін жинап, зерттеген композитор, анасы — ел құрметіне бөленген халық әртісі. Осындай өнерлі ортада , бесіктен ән тыңдап өскен бала бойындағы табиғи талант ерте байқалды.
Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетін, кейін Қытайдың ең беделді оқу орындарының бірі — Бейжің консерваториясын бітіріп, вокалдық шеберлігін шыңдады. Алайда жүрегі қазақ даласына, ұлт болмысына тартты. Сахна биігінен түспей тұрса да, ол елге оралды. Бұл — нағыз отансүйгіштік қасиет.
1994 жылы Мәскеуде өткен П.И. Чайковский атындағы халықаралық вокалистер байқауына қатысып, үлкен сахнада жарқ етіп көрінді. Осы сәттен бастап Майраның тағдыры түбегейлі өзгерді. Қазақ топырағына деген сағыныш, ұлттық тамырға деген құрмет оны 1996 жылы тарихи Отанына оралуға жетеледі. Ол Қазақстан азаматтығын алып, Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білімін жалғастырды.
Майраның дауысы — тек техникалық шеберліктің үлгісі емес, жүректің мұңы, рухтың шындығы. Оның дауысы — лирикалық-драмалық сопрано, ерекше тембрімен, кең диапазонымен ерекшеленеді. Оның орындауындағы «Аида» , «Чио-Чио-Сан» — махаббаттың шегіне жеткен үмітсіз үні. Ал «Біржан – Сара» — қазақтың рухани болмысының шынайы бейнесі.Мықты даусы, актерлік шеберлігі, сахнада өзін ұстауы — бәрі де тыңдарманды еріксіз баурап, музыкамен сырласуға жетелейді.
Майра — ұлттың мәдени елшісі
Майра Мұхамедқызы — бүгінгі қазақ өнерінің алтын көпірі. Ол Қытай мен Қазақстан арасын ғана емес, Батыс пен Шығысты, сахна мен жүректі жалғап тұрған рухани тұлға.Оның есімі – Париж, Вена, Мәскеу, Бейжің, Стамбул сияқты алып қалалардың афишаларында жарқырап тұрды. Соған қарамастан ол — әрдайым «қазақтың қызы» екенін, өз халқының үнін жеткізуші екенін мақтанышпен айтып келеді.
Майра Мұхамедқызы — жай ғана әнші емес, ол — қазақ өнерінің киесі. Оның дауысы – рухтың үні, өнердің сұлулығы. Мұндай тұлғалар ғасырда бір туады. Майраның өнері — мәңгі жасайды. Ол — сахнада ғана емес, халықтың жүрегінде өмір сүретін бұлбұл. Ұлтымыздың осындай бұлбұлдары барда, қазақ музыкасы ешқашан өлмейді, мәңгі жасайды!
Мадина Мадениятқызы