
Арыс қаласының оқушысы әлемнің 86 университетін бағындырып, 4,6 миллион доллар көлемінде грант жеңіп алды деген ақпарат бірнеше күн бұрын тараған еді. Білімді жігіттің есімі – «Білім-Инновация» лицейінің 11 сынып оқушысы Айсұлтан Алтынбек. Ол бүгін де IT саласын таңдаған. Қазақстандық талапкерлерге арналған платформа құруды жоспарлап отыр. АҚШ, Венгрия, Ұлыбритания, Испания, Малайзия, Канада, Аустралия, Германия және Оңтүстік Корея сынды тоғыз елдің 86 университеті оны оқуға шақырған. Qaz365.kz тілшісі талапты жас Айсұлтаннан сұхбат алыпты.
Айсұлтан Алтынбек - Шымкент қаласының тумасы. 2022 жылы Арыста «Білім инновация»» лицейі ашылғанын естіп, тест тапсырып, сонда оқуға түскен. Білім ордасында 8 сыныптан бастап оқиды.
«Кезінде 86 университетке шақырту аламын деп ойламадым. Дайындықты оныншы сыныптың аяғынан бастадым. Арманым - шетелде білім алу болды. Өзге орта, басқа адамдармен араласып, жаңа мәдениетпен танысып көргім келді. Талдықорған, Қызылордадағы БИЛ түлектерімен байланысып, ақыл-кеңес алып жүрдім. Алайда Қызылордадағы НЗМ бітірген бір кісі Венгрияда 3 курс оқып жүр екен. Сол кісіден шетелде оқу туралы сұрастырып білдім. Маған АҚШ және басқа да мемлекеттерге оқуға шақырту алуға болатынын айтып, мәліметтер берді. Сөйтіп АҚШ, Түркия, Венгрия, Болгария, Испания тағы басқа мемлекеттерден және Венгрияның екі мықты университетінен шақырту келді», - дейді ол.
Айсұлтан шақыртулардың барлығы грантта оқуға мүмкіндік беретінін айтады. Ең көбі 96 пайыз, ең азы 60 пайыз оқу ақысын төлеп береді. Мәселен, Дресс университетіне бар болғаны жылына 1-1,5- миллион теңге ғана оқу ақысын төлейді. Ал қалған бөлігі арнайы грант бойынша тегін. Ал негізінде ол оқу орнында жылдық оқу ақысы 48 мың АҚШ доллары тұрады. 96 пайыз жеңілдік бұл соманың 43-44 мың доллары. Осылай әр шақырту алған университеттердің берген гранттарын толық есептеп көргенде шамамен 4 млн доллар көлемінде грант ұтып алған. Әлі де өзге оқу орындарынан шақырту келіп жатыр. Өзі қазір Италияның 3 оқу орнынан шақырту күтіп отыр. Виза жағынан мәселе болмаса Италияда оқығысы келеді. Италияға жолы түспесе, Малайзиядан толық грант ұтып алған. Сол елге барып оқуы да мүмкін. IT саласы бойынша грант ұтып алған. Болашақта ойын дизайн жасаушы мамандығының иесі болғысы келеді. Ойын графикасын дамытып, шыдамдылыққа, төзімділікке баулу арқылы жетістікке жетуді армандайды.
«Негізінде, қазақстандық оқу орындарының білім деңгейі шет елдердікінен қалып кеткен. ҰБТ оқушының тек білімін ғана тексереді. Мәселен,10 сыныптан бастап физика-математика бағытында тоқтамай дайындалған бала ҰБТ-дан 130 баллдан асырып алды делік. Осы жерден оқушының білім деңгейі тоқтайды. Ал шетелдік оқу орнындары IELTS, TOEFL, GPA бағаларын ескереді. Бірақ, шетелдік оқу орындары оқушының академиялық білімін ғана тексермейді. Оларға білім алушының белсенділігі маңызды. Олар үшін білім емес, мәселені шешуге қабілеттілігіне басымдық береді. Өйткені, білімді көп оқушы жақсы оқып, еңбектенсе игере алады. Ал мәселені тек ойлау мен шешім қабылдауы жоғары интеллектісі жоғары оқушы ғана шеше алады. Сонда олар үшін, жаттанды білім иесі емес, ойлай алатын саналы адам іздейді деп айтқым келеді», - дейді ол.
Қазақстандық оқушы шет ел оқу орындары спорт пен халықаралық олимпиададан жетістігі бар оқушыларды көптеп іздейтінін айтады. Мысалы, өзі каратэ до-дан спорт шеберіне кандидат. Бұл спортқа 7 жыл өмірін арнаған.
«Менің оқу орындарынан шақырту алуыма осы да себеп болды десем болады. Содан айта кетерлігі, әр оқу орнының өзінің ерекше арнайы қабылдау емтихандары мен жазылымдары болады. Америка, Канада, Еуропа, Қытай, Жапония, Сингапур осы елдердің барлығы осындай арнайы факторларды ескеріп, оқуға қабылдайды. Ал Қазақстаннан мен мойындайтын, мұндай жалғыз университет Назарбаев университеті ғана. Білім беру саласы шет елдердікімен бірдей деп айта аламын. Елдегі басқа оқу орындарын, өкінішке қарай, мойындай алмаймын. Өйткені, басқа оқу орындарында 4 жыл грантта оқып, бітірген соң жұмысқа тұру мүмкіншіліктері төмен. Одан кейін ол мемлекеттік грантты өтеу керек. Оны қалай өтеймін деп бас қатырып жүреді. Өйткені, ол оқыған мамандығы сұранысқа ие емес не қабілеті нарықтағы жұмыскерлермен бәсекеге түсуге қабілетсіз. Сонда ол 4 жыл өмірі мен уақытын босқа өткеріп, керісінше мемлекетке қарыздар болып шыға келеді. Менің ойымша, мұның бәрі қате нәрсе деп ойлаймын», - дейді ол.
Айсұлтан шетелге оқуға тапсырғанда қатты қиналғанын мойындайды. Олар себебі өзінен 12 жылдық білім сұраған. Егер де Қазақстанда 12 жыл оқу мүмкіндігі болып, оны бітіргенінде мүмкін 86 емес 100-ден аса оқу орындарынан шақырту алар едім дейді.
«Еліміздегі мектептерге де бір өкінішім бар. Ол Назарбаев мектептеріне берілгендей мүмкіндіктер басқа да мектептерге берілсе екен деймін. Мәселен НЗМ-нің сертификатын қателеспесем әлемнің 75-оқу орны мойындайды. Жақында ғана сол 75-оқу орнымен келісімге отырды. БИЛ-дің де білім беру жүйесі ұнайды. Бірақ БИЛ-дің басшылығы НЗМ секілді 12 жылдыққа көшу туралы өзгертуге қауқарсыз. Қазақстанда білім беру жүйесі 12 жылдыққа ауысса, шет елде білім алуға мүмкіншілікктері артады. Өйткені, әлем дамып жатқанда, бізде неге бірге дамымасқа. Тек АҚШ, Еуропа ғана бұл игіліктерді көре бермей, біздің елдің азаматтары да сондай жақсылықтар мен игіліктерді көруге құқығы бар деп ойлаймын», - дейді оқушы.
Арыста оқитын оқушы IELTS емес, SAT тапсырған. Одан 1380 балл алып, IELTS орнына Duolingua тест тапсырған. Одан 160-тан 120 балл алған. Шамамен бұл көрсеткіш IELTS-пен бірдей.
«Мен отбасыммен ақылдаса келе, шет елдерден бірнеше шақырту келіп тұрғанда Қазақстанда қалып, мүмкіндікті жіберіп алғаным дұрыс болмас деп шештім. Білімде шекара жоқ қой. Шет жұрттарды көріп, өркениет пен мәдениеттердің ең озық білімін алып, сол елдердің жетістігін елге әкеліп пайдаға жаратсақ, ең дұрыс шешім осы болар деп ойладық. Мен негізінде ҰБТ тапсырудан толығымен бас тартқанмын. Бірақ анам кем дегенде бір рет тапсырып көр деп отыр. Алайда мен қазір виза алу, құжаттар дайындау мәселелерін шешуім керек. Сол себепті ҰБТ тапсыруға уақыт жетпеуі де, тапсыру уақытына сәйкес келмеуі де мүмкін», - дейді ол.
Айсұлтан Алтынбек осы процесте көмегі тиген жандардың бірі Сәния Серікқызына, сүйікті математика пәнінің мұғалімі Ерайдын Пайызға зор алғысын айтады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.