Әлеумет

Асхат Аймағамбетов: Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер қосылған құн салығынан босатылады

Мәжіліс депутаты Асхат Айтмағамбетов салық кодексіне енгізген түзетулер үкімет тарапынан қолдау тапқанын айтты. Енді әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектерге қосымша құн салығынан 0% мөлшерлемесі қолданылады.

Яғни, арнайы үкімет қаулысымен бекітілетін тізім бойынша ең қажетті және әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектер қосыиша құн салығынан толық босатылады. Бұл шешім — ең қажетті дәрі-дәрмектердің бағасының күрт қымбаттамауына жағдай жасайды. 

Депутат мұндай ұсынысты әуелден жасағанымен, үкімет мақұлдамағанын айтты. Десе де екі тарап ұзақ талқылаудан кейін осындай компромистік шешімге келген.

Сонымен қатар қосылған құн салығы қолданылатын басқа медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер бойынша да маңызды келісім жасалды:

• 2026 жылдан бастап — қосылған құн салығы 5% өседі,

• 2027 жылы тағы 5%- ға артады. Яғни, кезең-кезеңмен.

“Тағы бір жақсы жаңалық: тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында барлық медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер де толықтай қосымша құн салығынан босатылады. Дәл қазір біз үшін ең бастысы — ең қажетті және әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмек пен медициналық көмектің халық үшін қолжетімді болуын сақтау”, – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Депутат жұмыстың әрі қарай жалғасатынын айтты.