Қарағандылық отбасы 6 бала асырап, құлдыққа салған
Бұл туралы Қарағанды облысы прокуратурасы мәлімдеді.
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданына қарасты ауылдағы отбасы 6 бала асырап алып, құлдыққа салып, біреуін мүгедек етіпті.
Бұл туралы Қарағанды облысы прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
“Қарағанды облысы Қарқаралы ауданына қарасты ауылдағы отбасы 2018 жылы балалар үйін ашып, алты жеткіншекті асырап алған. Оларды бірден малға салып, қора-қопсысын қаратып, қара жұмысқа жеккен. Тіпті балалардың ботқасына "малдың тезегін қосып берген". Үнемі ұрып-соғып, ақыры біреуін мүгедек қылған. Соққыға жығылған балалардың денесінен 19-дан 47-ге дейін тыртық анықтаған. Ең кішісінің басын жарып тастаған. Ал балаларға ай сайын төленетін 300 мың теңгені өздері жаратқан”, – делінген прокуратура анықтаған ақпаратта.
Нәтижесінде отбасының үш мүшесіне азаптау бабы бойынша айып тағылды. Қазір үш бала туған әжесінің қарауына берілген. Қалған үшеуі балалар үйіне қайтарылып, құлдықтан құтылды.