Қоғам

Жолсерік тоғыз жастағы жолаушының өмірін құтқарып қалды

Оқиға жолаушылар пойызында болған.

«Алматы–Ташкент» бағытындағы №001 пойызында 9 жастағы жолаушының өмірі жолсеріктің жедел әрекетінің арқасында аман қалды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға пойыз Келес станциясына жақындаған сәтте болған. Шекаралық және кедендік тексеру барысында Ташкентке емделуге бара жатқан Ярослав Ч. есімді 9 жастағы бала өзін жайсыз сезініп, кенеттен денесі тырысып, ұстама белгілері пайда болған.

«Пойыз жолсерігі Қуатбек Дәулбаев дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, баланың жағдайын тұрақтандырған. Ол баланың тілінің тартылып қалуына жол бермей, басын қауіпсіз күйде ұстап, тыныс алу жолдарының ашықтығын қамтамасыз еткен», — делінген хабарламада.

Пойыз Келес станциясына келгенше жедел жәрдем шақырылып, дәрігерлер баланы бірден Ташкенттегі медициналық мекемеге жеткізді.

«Қазақстан темір жолы» компаниясы барлық жолсеріктердің жыл сайын алғашқы медициналық көмек көрсету курстарынан өтетінін еске салды.