Руханият

«Қазақанимацияның» көші: Ұлттық өнер тағдыры талқыда

«Қазақанимациясын» Астана қаласына көшіру туралы шешім қаралып жатқаннан бері аниматорлар наразылығын білдіріп келеді. Олардың мұндай бастамаға қарсы шығуына бірнеше себеп бар. Іргесі Алматыда қаланып, кейін Астана қаласына көшкен Қуыршақ театрының күні енді Қазақ анимациясына да туа ма деп, отандық аниматорлар суретпен сөйлейтін өнердің тағдырына, болашағына алаңдаулы. Неге?

Анимациялық фильмдер – жұмсақ күштің бірі. Атадан қалған мәдениетті өнерге жалғап, кішкентай көрерменге ұсына білген елдер оқ бойы озып тұр. Себебі анимация саласы нақты жолға қойылған. Ал біздегі ахуал қандай? Қазақ анимациясын бұл өнердің қарашаңырағы саналған Алматы қаласынан көшірудің нақты себептерін министр Аида Балаева әлеуметтік парақшасында жариялаған болатын.

 «Қазіргі уақытта елордаға «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұнда маңызды жайт – «Қазақанимация» өндірістік база емес, анимациялық контент жасауға тапсырыстарды бөлетін құрылым. Сондықтан оның Астанаға көшуі саланың жұмысына еш кедергі келтірмейді. Өкінішке қарай, кейінгі бес жылда елімізде сапалы анимациялық фильмдер түсірілген жоқ. Осыған байланысты анимациялық индустрияны Креативті индустриялар қорының аясында дамыту орынды болмақ. Қор құрылымында анимацияны дамытуға бағытталған креативті хаб жасақталуда» деп жазады министр Аида Балаева.

Алайда аниматорлар қазақ анимациясының тағдырына алаңдаулы екенін айтып отыр. «Қазақанимацияның» отауын Астанаға тігуге не себепті қарсылық көрсетіп отырғанын білу үшін аниматорларға хабарласып көрдік. Әрқайсысының айтары бар. Көбі бұл мәселені анимация саласының болашағымен байланыстырып отыр.

 

 

Алтын қорды сақтауымыз керек

«Қазақстан анимациялық киностудиялар Қауымдастығының» басшысы Жәнібек Оразалы бір топ аниматордың қарсы болуына бірнеше себепті келтірді. Біріншісі – маңызды шешімнің анимация мамандарымен ақылдаспай қаралғаны болса, екіншісі – қазақ анимациясының Астанада өз алдына дербес меншік орнының болмауы. Оның айтуынша, 60 жылдық тарихы бар киелі қарашаңырақта қаншама ардагер анимациялық режиссерлердің ізі қалған, 1974 жылдары Уолт Дисней кампаниясынан бастап белді анимация студиялардың өкілдері мен танымал режиссерлері  Алматыда бас қосып, ең үлкен халықаралық анимациялық симпозиум өткен. Тіпті, Татарстан, Башқұртстан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты бірқатар республикалардың анимация мамандары Қазақфильмдегі анимациялық шеберханаға келіп тәжірибеден өткен. Осылайша, тарихи маңызы бар киелі орынды орнынан жылжытуға аниматорлардың қарсылығы туып отыр.

– Өзім елордада тұратындықтан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін Астанаға көшіру керек деген идеяны қолдайтындардың бірі – менмін. Алайда анимация мамандарымен, біздің қауымдастықпен, ақылдаспай, кеңеспей сыртымыздан шешім шығаруы аниматорлардың шамына тиді. Өткенде 100 адамнан тұратын жиналыс өтті. Сол жерде бәріміз мұның заңсыз екенін айтып, ешқандай хаттама толтырылмасын дегенді алға тартып едік.

Аниматорлардың қарсылығын тудырған мәселенің екінші жағы да бар. Ол – анимациялық студияның өз алдына дербес орны болмауы. Егер Қазақ анимациясы Астанаға көшетін болса, қандай да бір ғимараттың ішінен жалға орын алып отырады. Өйткені көшіру туралы шешім қаралып жатқанымен, нақты орны көрсетілмеген. Уақыт өте бәрі өзгереді, жалға берген мекеме басшысы орнымызды бір себептермен қайта алып қоятын болса, Қазақ анимациясы сол жерде жабылады, атымен өшеді, – деді Жәнібек Оразалы.

1965 жылдан бері «Қазақанимациясының» алтын қоры толыққан. «Қазақстан анимациялық киностудиялар Қауымдастығының» басшысы Жәнібек Оразалы осы алтын қорды сақтап қалу үшін де қарашаңырағынан кетпеуі керек дегенді негізге алып отыр.

– Қандай да бір белгілі себеппен (апаттық жағдай, мұнай бағасының құлдырауы, т.б.) мемлекеттен бюджет бөлінбесе де, ол жерде әдемі кабинеттер бар, бір ғимараттың екінші қабаты толығымен, 20-ға жуық кабинет Қазақ анимациясынікі. Яғни, қаржы бөлінбесе де, алтын қорымыз сол жерде тұрады. Егер Астанаға көшетін болсақ, жаңағы кабинеттеріміз жалға беріліп, жоғалып кетуі мүмкін, – деп алаңдайтынын жеткізді Ж. Оразалы.

 

Қазақ анимацияның болашағы – Алматыда

Бүгінде анимациялық студиялардың көбі Алматы қаласында шоғырланған. Әрі бұл қала қазақ анимациясының қарашаңырағы саналады. Сәйкесінше, аниматорлардың дені осында екені заңдылық. Мультипликатор-суретші Тұрдыбек Майданның айтуынша, анимацияның әр бөліміндегі маман қашықтан жұмыс істей алғанымен, бір жобаны бас қосып бірге дайындауы әлдеқайда сапалы дүниені жарыққа шығарады.

– Астанадан анимацияға арналған болашақ көріп отырғанымыз жоқ. Ол жақта Balapan телеарнасы бар, бірнеше анимациялық студия бар. Енді «Қазақанимацияны» Астанаға көшіруге қарсы болудың бірнеше себебі бар. Біріншісі, анимация жасайтын студиялардың 90 пайызы Алматыда. Мамандардың көбі осында. Қазір технология дамып, анимацияны онлайн істеуге болатын шығар, бірақ оған дейін қаншама жұмыс бар. Композициясы қойылып, аниматигі жасалып, нұсқасы көрініп, диалогі тұрақталғаннан кейін ғана анимациясы жасалады. Сондықтан әр маманның бәрі бірге отырып істеген жұмыстың сапасы бөлек болады. Студиялар да осында, бас қалаға ауысуға бірінің жағдайы келмеуі мүмкін, отбасылары осында. Қарап тұрсақ, Астанаға көшу ақылға сыймайды. Абсурд! – деді ол.

Қай мәселенің де екі жағы болатыны анық. «Қазақанимацияның» шаңырағынан қозғалуына қарсы бірнеше себепті мысалға келтірген Тұрдыбек Майдан анимациялық студия бұрынғы қаз-қалпында қалса да, өзгеруге тиіс бірқатар мәселені атап өтті. Біріншіден, қаржының уақытында бөлінбеуі, тақырыптың уақытылы талқыланбауы, алдын ала жоспар бекітілмеуі сияқты кедергілердің әлі жойылмай келе жатқанына қынжылатынын жеткізді. Айтуынша, жылдық жоспар 1-2 жыл бұрын жасалып, тақырып, режиссерлер бекітілсе, өздері-ақ тас-түйін дайындалады.

– «Қазақанимация» бөлек шықса деп айтып жүргеніміз былтыр ғана емес, көп жыл болды. Негізі оның өзі бөлек шаңырақ болғаны дұрыс. Сол кезде қарқын алып, өз еркі өзінде болады. Өйткені қазір «Қазақанимация» бөлінген бюджетке сериал, толықметражды фильм жасай алмайды. Екінші ол Қазақфильм аясында болғандықтан, бұл салаға кішкене кенже қарайды. Оны айтып отырған себебім, әр жылы фильм жылдың басында басталмайды, қазір де фильм жасау жыл басында басталып жатқан жоқ. Әбден уақыт таусылып, жыл соңына келгенде тамыз-қыркүйекте бастап, 2-3 ай ғана уақытта сапалы жұмыс істеу қиын. Бөлек шаңырақ болса, өзінің қорғайтын мүмкіндігі болса деген тақырыппен көтерілген мәселе еді бұл. Қысқасы, «Қазақанимацияның» Алматыда, қарашаңырағында өз алдына бөлек шаңырақ көтеріп осында тұра бергені жақсы болар еді. Алматыдан көшірудің неге қажет екенін түсіне алмадық, – дейді мультипликатор-суретші.

 

Ұйымды көшіру дайындықпен жүруге тиіс

«Қазақстан Кинематографистер одағы» Қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Адай Абельдинов «Қазақанимацияны» Астанаға көшіру үдерісі жан-жақты талдауға негізделуге тиіс екенін атап өтті. Яғни, анимация саласы өкілдерінің пікірлері мен мүмкіндіктері ескеріліп, анимациялық студиялардың әлеуеті жан-жақты зерттелуі қажет.

– «Қазақанимация» шығармашылық ұйымының көшірілуі анимация индустриясына кері әсер етпей, дайындықпен бірдей жүруі қажет. Арнайы ғимараттардың, жабдықтардың, сондай-ақ креативті индустрия қорын құру тәрізді қажетті алғышарттарсыз көшу жүзеге асырылатын болса, бұл кері нәтиже беріп, саланың және нарықтың тоқырауына әкелуі әбден мүмкін. Қазір елімізде тіркелген 49 анимациялық студияның 39-ы яғни 82%-ы Алматы қаласында орналасқан, яғни ұлттық анимация өнері Алматыда өсіп, өркендеуде. Олардың басым көпшілігі «Қазақанимация» шығармашылық ұйымының қолдауымен құрылып, дамыды, – дейді Адай Абельдинов.

Сондай-ақ, ол елордадағы Balapan телеарнасы өңірде анимация индустриясын табысты дамытып келе жатқанын айтып, анимация саласындағы екі негізгі мемлекеттік тапсырыс берушінің де Астана қаласында шоғырлануы – күтілген нәтижені бермей, еліміздің оңтүстік астанасындағы компаниялардың шет қалуына алып келуі мүмкін екенін жеткізді.

«Қазақанимацияны» Астанаға көшіру заңсыз

«Егер “Қазақанимацияны” Астанаға заңсыз көшіретін болса, онда 58 жылдық тарихы бар бұл студияның жойылып кетуі әбден мүмкін», – дейді «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің редакторы Ерлан Төлеутай. Сондай-ақ, бұл істің ақыры жақсы болатынына күмәнмен қарайтынын жасырмады.

– "Қазақанимацияны" Астанаға көшіріп кретивті индустрия жасаймыз, ол үшін гик мәдениет жобасын жүзеге асырамыз деген Кочетовтің сөзі сандырақ.  "Қазақанимацияны " аты айтып тұрғандай ұлттық анимациялық фильмдер түсіретін еліміздегі жалғыз мемлекеттік студия. Өткенде вице министр Кочетов өзі мойындағандай "Қазақанимацияны" осы гик-мәдениет насихатшыларының қарамағына бермек. Бұл үшін министрліктің осындай жобаларды насихаттауға арналған Komic con Asтана атты фестивалі дайын тұр екен. Яғни батыстық субмәднниетті насихаттайтын Komic con Asтана фестивалі тұрғанда, батыстық гик мәдениет насихатына приоритет беріп жатқандары Президент Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда ұлттық анимация жасаңдар деген тапсырмасына қайшы.

Еліміздегі анимациялық жекеменшік студиялардың 82 пайызы  Алматыда орналасқан яғни 58 жылдық тарихы бар ұлттық анимация өнері Алматыда өсіп, өркендеуде. Шығармашылық  ресурстар мен техникалық базалардың барлығы Алматыда шоғырланған. Тіпті аниматорлар дайындайтын Жүргенов атындағы Өнер Академиясы да, – деді ол.

Ерлан Төлеутай «Қазақанимацияның» Алматыдан Астанаға көшірілуіне қарсы бірнеше себептерін айта отырып, оның заңсыз екенін негізге алды.

«ҚР Цифрлық даму иновациялық және аэроғарыштық өнеркәсіп министрлігінің 2022 жыл, 23 тамыз күнгі N 292/НК бұйрығы бойынша Аstsna Hub халықаралық технопаркіне 50% және одан жоғары акциясы Мемлекет қарамағындағы заңды тұлғалар қатыса алмайды. Ал Шәкен Айманов атындағы "Қазақанимация" шығармашылық бірлестігінің 100% акционері  Мемлекет, оның ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігі болып табылады. "Қазақанимацияны" Астанаға көшіреміз деп жүргендер осы заңды оқымаған-ау шамасы» – деп түсіндірді ол.

Түйін. Анимация – шығармашылық бірлестік ортасы. Оған еркіндік пен шабыт керек. Ол үшін орналасқан жерінен бастап, техникалық жағдайына дейінгі жағдай айтарлықтай жақсы болуы қажет. Сондықтан, «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, әркімнің ыңғайына келер дұрыс шешімнің қабылдануы уақыт еншісінде. Сонау 1965 жылы іргесі қаланған «Қазақанимацияның» өркендеуіне жаңа бір қадамның басылғаны керек шығар. Алайда, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильмнен» Әмен Қайдаров негізін салған «Қазақанимацияны» бір-бірінен айыру қаншалықты дұрыс? Екі ұлы киногердің қос студиясы екі қалада басын тік көтеріп тұрар, бәлкім? Бұл қазірге беймәлім.

 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ