XXI ғасыр медиасы мен білім мәселелері: ЕҰУ-де ғылыми-тәжірибелік басқосу өтті
Кеше Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «XXI ғасырдағы креативті индустриялар: генезисі, медиабағдарламалар, білім беру мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция тәжірибелі педагог, әдебиеттану және өнертану саласының маманы, филология ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті Баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры А.Қ. Ишанованың мерейтойына арналды.
Іс-шара барысында отандық және халықаралық ғылыми қоғамдастықтардың өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, масс-медиа басшылары, медиаиндустрия өкілдері, мерейтой иесінің әріптестері мен шәкірттері және жас зерттеушілер – докторанттар, магистранттар қатысты.
Жиын басы мерейтой иесіне арналған құттықтау сөздерден басталды. Еуразия Ұлттық Университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың құттықтауын проректор Ләззат Төлегенқызы, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатын Бауыржан Омарұлы оқыды.
Конференцияға қатысушылар журналистика мен әдебиеттанудың өзекті мәселелерін, қазіргі заманғы масс-медианың мәдениеттанулық, әлеуметтік, этикалық-философиялық проблемалары мен даму тенденцияларын талқылады. Іс-шара барысында Мемлекеттік сыйлықтың лауреты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Әбдрахманұлы сөз алды. Ол Асима Қалымқызының әдебиетке қосқан үлесіне айрықша тоқталды.
– Адамның жаны жазғанынан шықпай қоймайды. Ол жазу, оқу адамға қай тұрғыда қалай әсер ететіні қиын әңгіме, бірақ біздің ұстазымыз Қабдолов айтатын: «Көп оқыған адамның өзі болмаса да, көзінің маңайы дұрысталатын сияқты» деп. Грантыңызды бірден Жапонияға барып оқуға жұмсағаныңыз – ішкі мәдениетіңіздің белгісі. Біз оқуға түскен жылы, оның алдында қазақ әдебиетінің кадрларының 70 пайызға жуығы ҚазГу-дың журналистика және филология факультетінен шығатын. Шамамен 20 пайызы Каспидің филология факультетінен, қалғаны ЖМПИ-ден шықты. Осы үш оқу орнынан тұратын. Біздің алдыңғы курстан Жүрсін Ерман, Асқар Егеубаев, Дәуітәлі Стамбеков, Намазалы Омашұлы, Жанболат Аупбаев, Тұрсын Жұртбай шықты. Мұның бәрі бір курста оқыды. Ал қазір журналистика факультетінен нағыз әдебиетші, прозаик шығуы міндет емес болып қалды. Біз тек репортерлер, тілшілер дайындауымыз керек деп қарауға болмайды. Біз әдебиетті білетін, түсінетін мамандарды дайындауымыз керек. Болашақта қазақ прозасының, поэзиясының, драматургиясының, қазақ әдебиеттануының кадрлары шығуға тиіс. Сізге тек жақсылық тілеймін бойыңыздағы кәсіби шеберлігіңіз бен адамгершілік қасиеттеріңіз жастарға үлгі болсын, – деді ол.
Ұлттық Құрылтай мүшесі, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессоры Әлімбек Құрманалиев:
–Қазір журналистердің көбі «сақау». Сөздерді дұрыс айтпай жатады. Осы жағынан сіздің 2006 жылы шешендік өнер тақырыбын қорғауыңызды көргенмін. Сол кезде үздік оқытушы, Қазақстанға еңбегі сіңген маман болдыңыз. Сонда сіздің еңбегіңізге риза болдым. Грантқа бөлінген қаржыны Жапонияға барып білім алуыңызға жұмсадыңыз. «Бала сіздің айтқаныңызды емес, істегеніңізді істейді» деген сөз бар емес пе! Сіздің істегендеріңіз, болашақ журналистерге берген еңбегіңізді көріп өскен балаларыңыздың қазір қаламы қарымды журналист болғанын көріп жүрміз. Медиа кеңістікте мықты, майталман журналистерді дайындап жатқаныңызды, шешендік өнерге қатысты талай еңбегіңізді білеміз, – деп лебізін білдірді.
Жиын әр елден келген, еліміздің белгілі ғалымдарының баяндама оқуымен және журналистика саласының белгілі өкілдерінің құттықауымен аяқталды.
Асима Қалымқызы – әдебиеттану, аримедиа, өнертану саласының білікті де бірегей мамандарының бірі. Тәжірибелі педагогтің 4 монографиясы, 3 оқу құралы, әдебиеттану мен журналистика саласы бойынша 300-ден астам ғылыми жарияланымдары жарыққа шықты.