Арменияда Қазақстанның мәдени күндері өтіп жатыр
Кездесуде әдебиет, музыка, кино және ақпарат алмасу мәселелері талқыланды.
Арменияда Қазақстанның мәдени күндері өтіп жатыр. Екі ел арасындағы жоғары деңгейде ұйымдастырылған алғашқы ірі мәдени іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ереванға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде жүзеге асып отыр. Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Армения Республикасының Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі Жанна Андреасянмен кездесті, деп жазады Oimaqnews.kz inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Тараптар мәдени ынтымақтастықтың келешегін талқылап, гуманитарлық байланыстарды қайта жаңғыртып, нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
– Бүгінгі кездесу мәдениет саласындағы ынтымақтастыққа серпін береді деп ойлаймын. Бұл кино ғана емес, кітапхана ісі, музейлер, концерттік ұйымдардың арасындағы байланыс салаларына да қатысты. Анимациялық және деректі фильмдерді бірлесіп түсіру тетіктерін қарастыруымыз керек. Сондай-ақ, әдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің шығармаларын аудару мүмкіндіктерін ойластырған жөн, – деді Аида Балаева.
Кездесуде әртістердің өзара гастрольдік турларын ұйымдастыру, жас орындаушылардың қатысуымен бірлескен концерттер өткізу, ақпараттық агенттіктер арасындағы ынтымақтастықты дамыту және фильмдер, телехикаялар мен деректі жобаларды қоса алғанда медиаконтент алмасу секілді нақты ұсыныстар да айтылды. Мұндай алмасудың мәдени маңызымен қатар экономикалық әлеуеті де бар екені атап өтілді.
– Бірлескен киноөндіріс, театр гастрольдері мен концерттер аясында ынтымақтастықты дамытудың әлеуеті зор. Бүгін фильмдер көрсетілімі өтті, көрермен қазақстандық туындыларды зор ықыласпен қабылдады. Барлық жоспарланған шаралар жоғары деңгейде өтетініне сенемін. Бұл іс-шаралар елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың тағы бір қадамы болмақ, – деді Жанна Андреасян.
Министрлер өзара іс-қимылдың нақты жоспарын әзірлеу идеясын қолдады. Бұл жоспар салалық комитеттер тарапынан пысықталып, мемлекетаралық деңгейде бекітілетін болады. Мұндай тәсіл Қазақстанның өзге елдермен ынтымақтастығында сәтті жүзеге асырылып келеді және ол қазақ-армян мәдени байланыстарын дамытуда тиімді құрал бола алады.
Әдебиет саласында қазақстандық және армян авторлардың шығармаларын өзара аударуға арналған кітаптар тізімін жасау туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл ретте аударма ісіне баспа үйлерін тарту және ұлттық нарықта кітаптарды насихаттау мәселесі де қарастырылды. Сонымен қатар армян тарапы қазақстандық жазушыларды Ереван кітап фестиваліне қатысуға шақырды.
Кездесу соңында "Хабар" агенттігі" АҚ мен Арменияның "Қоғамдық телекомпаниясы" ЖАҚ арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Тараптар Қазақстан мен Армения арасындағы мәдени және ақпараттық диалогты нығайтуға бағытталған мазмұнды, жүйелі және ашық жұмыс жүргізуге дайын екендерін білдірді.
Айта кету керек, Қазақстан мен Армения арасында дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бері алғаш рет осындай ауқымды әрі ресми деңгейдегі мәдени шара – Армениядағы Қазақстанның мәдени күндері жоғары мемлекеттік дәрежеде өткізіліп отыр. Іс-шаралар шарықтау 19 сәуірде Арам Хачатурян атындағы концерт залында өтетін Гала-концертпен қорытындыланады.