Сыр өңірінде Қарлаң көпірінің құрылысы қайта жалғасты
Бұл жайында Қазалы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қызылоорда облысына қарасты Қазалы ауданында тұралап тұрған көпір құрылыс қайта жанданды. Бұл жайында Қазалы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Негізі 2022 жылы Қазалы ауданындағы аудандық маңызы бар «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 16 шақырымдағы Қарлан учаскесінен темір бетонды көпір құрылысы басталған болатын. Алайда мердігер мекеме «СтандартОйлКзо» ЖШС-інің жауапсыздығы салдарынан көпір құрылысы тоқтады.
Көпір құрылысын өз міндетіне алған мердігер мекеме өзіне жүктелген міндеттемелерін толық орындамау салдарынан өткен жылы сот процестері жүргізіліп, келісім шарт біржақты бұзылған еді. Соған орай көпір құрылысы жұмыстарын аяқтау үшін қайта мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз болып «НұрлыТау ЛТД» жауапкершлігі шектеулі серіктестігі анықталып отыр.
Бүгінгі таңда облыс әкімнің қолдауымен көпір құрылысы қайта басталып, жаңа мердігер мекеме тиісті жұмыстарды атқаруда. Өз кезегінде Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет Қарлаң учаскесіне барып, мердігер мекеменің жауапты өкілімен кездесті. Кездесуде Сырдария өзенінің арғы бетіндегі тұрғындар үшін бұл көпірдің маңыздылығы жоғары екенін айтып, құрылысшыларға ең бірінші кезекте құрылыстың сапасы мен мерзімінде аяқталуы керектігін жеткізді.
Айта кетейік, Қарлаң көпірінің құрылысы іске қосылса Өркендеу, Бірлік, Қожабақы, Аранды, Бозкөл, Тасөткел, Лақалы, Ажар, Тасарық және Кәукей елді мекеніндегі 12 мыңға жуық халықтың жол қатынасы жақсара түспек.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы