
16 сәуірде II Орталық Азия медиафорумы аясында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық Азия елдерінің медиа саласы мен салалық ведомстволарының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.
Аида Балаева Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің директоры Асаджон Ходжаевпен кездесіп, Қазақстанның Орталық Азия өңірінде бірыңғай ақпараттық кеңістікті нығайтуды үнемі қолдайтынын атап өтті. Тараптар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және өзара тәжірибелік байланысты дамыту мақсатында ақпараттық саладағы әріптестікті нығайтуға бағытталған бірлескен хаттамаға қол қойылды.
Әзербайжан Республикасының Медиа дамыту агенттігінің атқарушы директоры Ахмед Исмайловпен өткен келіссөздер барысында тараптар халықтар арасындағы жақындасу мен ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыруда мәдениет, білім беру мен медианың маңызды рөлін атап өтті. Әсіресе, тең дәрежелі ақпарат тарату мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Әзербайжанның «CBC TV» телеарнасын еліміздің аумағында тіркеу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Сондай-ақ Аида Балаева CNN-нің Орталық Азия және Африка бойынша өкілі Сайед Имран Ахмадпен кездесті. Тараптар тележурналистика мен медиа саласын дамытуға бағытталған екіжақты ынтымақтастықты кеңейту жоспарлары мен перспективаларын талқылады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.