Қоғам

Мәжіліс жаңа салық кодексін бірінші оқылымда мақұлдады

Сән-салтанат салығы енгізілмек.

Салық кодексінің жаңа жобасына сәйкес, салық жүйесін оңтайландыру, салықтар мен алымдар санын азайту, берілетін жеңілдіктерді қысқарту жоспарланып отыр.

ҚҚС: жаңа шек және мөлшерлеме

Атап айтқанда, Үкімет қосымша құн салығы (ҚҚС) бойынша шекті табыс мөлшерін жылына 40 миллион теңге деңгейінде белгілеуді ұсынуда.
ҚҚС мөлшерлемесі – 16% болады деп көзделген.

Сән-салтанат салығы енгізілмек

Бұдан бөлек, жеке тауар санаттарына жоғары мөлшердегі салық салу, яғни "люкс салығы" енгізу ұсынылуда.

Салалық салық мөлшерлемелері

Жекелеген салалар үшін салық мөлшерлемелері төмендегідей болады:

Банктер үшін – 25%

Құмар ойындар саласы үшін – 25%

Әлеуметтік бағыттағы мекемелер үшін – 10%

Өңдеу өнеркәсібі үшін – 10%

Ауыл шаруашылығы үшін – 3%

Негізгі салық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталады.

Арнайы салық режимдері қысқарады

Қолданыстағы арнайы салық режимдерінің саны үшке дейін қысқартылмақ:

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар үшін

Жеңілдетілген есептілік негізінде жұмыс істейтіндер үшін

Шаруа және фермер қожалықтары үшін

Жеке тұлғаларға арналған жеңілдіктер

Азаматтар үшін де бірқатар өзгерістер ұсынылуда. Атап айтқанда:

Зейнетақы қорынан төленетін төлемдерге жеке табыс салығы салынбайды (ЖТС-тан босатылады)

Жалақыдан 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде тұрақты салықтық шегерім енгізу жоспарланып отыр. Бұл шегерім республикалық бюджет туралы заңда бекітілетін АЕК-ке негізделеді.