дүйсенбі, 31 наурыз, 2025 3:49

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Самат Әлім, продюсер: «Шоқан. Қашқария сапары» – тарих пен бүгіннің үйлесімі

Самат Әлім, продюсер: «Шоқан. Қашқария сапары» – тарих пен бүгіннің үйлесімі
Фото: Аikyn.kz
Жақында жарыққа шыққан «Шоқан. Қашқария сапары» атты анимациялық фильм жас көрерменнің көңілінен шығып, ғалымды жаңа қырынан танытты.

Әрі бұл мультфильмді көру арқылы бала қиялында жаңа қаһарман пайда болды. Бұлай деуіміздің себебі фантастикаға толы жаңа туындыда Шоқан ғылыммен айналысып қоймай, алып құбыжықтармен алысады. Тарихи дерек пен қиялдың үйлесуінен туған анимацияның креативті продюсері Самат Әліммен сұхбаттасқан едік. Ол бала түсінігіне сай жасалған жоба туралы толық айтып берді.  

– Самат мырза, білесіз, негізі отандық анимациялар көбіне кинотеатрға жол тарта бермейді  ғой. Көбіне аудармаларды көріп жүрміз. Өзіңіз отандық анимацияны кинопрокатқа шығаруда жұмыс істедіңіз, процесті көрдіңіз. Анимациялық жобаларды кинотеатр экранына шығару жұмысы қандай жауапкершілікті жүктейді екен?  «Шоқан. Қашқария сапарының» оңай жұмыс болмағаны анық, соның ең күрделі жұмысына тоқталыңызшы.

Отандық нарықта, жалпы фильмді кинотеатрларға прокатқа шығару – өте қиын жұмыс. Кейбір көрермен: «Менде сценарий бар, фильм түсіремін, прокатқа шығарамын, табыс табамын!» деп жеңіл ойлайды. Жоқ, бұл оңай шаруа емес. Мұнда бәрін есепке алу керек: аудиториядан бастап, барлық тараптардың қаржылық мүддесіне дейін, яғни прокаттың өзі жеке бір жұмыс болып саналады. Анимациялық жобаларда да өнімді прокатқа шығару жағынан жағдай ұқсас. Бірақ өндірісте айырмашылық бар. Соңғы отандық анимациялық фильм «Күлтегін» 7 жыл бұрын шықты. «Неге?» деген сұрақ туындайды. Мультипликациялық жобаларда жұмыс бірнеше айда немесе бір жылда бітпейді. Мысалы, кинотеатрда актерлер, олардың айналасындағы орта бар, ал анимацияда бәрі нөлден бастап жасалады.

Өкінішке қарай, мұндағы анимациялық өнім мен киноөнім өндірісінің айырмасын көпшілік түсінбейді. «Күлтегінге» қайта оралатын болсақ, жобада ақша болды, бірақ уақыт болмады, мультфильм өте қысқа мерзімде жасалды, және ешкім жоғары сапа талап етуге құқығы жоқ. Себебі анимацияның өндірісі көп уақытты талап етеді. Оған тағы 3D анимация саласындағы тәжірибелі мамандардың жетіспеушілігін қосыңыз. Мұның бәрі анимациялық кинопродукцияны жасауда маңызды рөл атқарады. Бірақ мұнда да екі жақтың өз рөлі бар. Тапсырыс беруші жақ өндірістің қалай өтетінін түсінбейді және бюджетті шектейді. Ал өндіруші жақ жоғары сапалы өнім жасай аламыз деп айтады, бірақ шын мәнінде үлкен бюджет талап етеді.

Менің тәжірибемде мынадай бір жағдай болды: маған инвестор  хабарласып кездесуді жоспарладық, телефон арқылы тақырыпты және мерзімдерді талқыладық. Ол бізге материал жіберді, біз тапсырыс берушінің барлық талаптарынан шығып өз көзқарасымызды ұсынуға дайындала бастадық. Презентация тамаша шықты. Кездесіп, біз осы мерзімдерде не істей алатынымызды және бұл қалай көрінетінін көрсеттік (негіз ретінде Netflix-тің «Көк көзді самурай» анимациялық сериалы алынды). Инвестор біздің ұсынысымызды тыңдап, өз пікірін айтты («Сиқырлы айдаһар», 2021 жылы шыққан, ал оны 2019 жылы шығаруды жоспарлаған екен, демек осы жобамен жұмыс кем дегенде екі жыл бұрын басталған). Біз бірден бұл мерзімдерде осындай сапада мультфильм жасау мүмкін емес екеунін айттық. Әңгіме 9 ай мен ауқымды бюджет туралы болды. Біз бас тарттық. Мұнда айтайын дегенім, ақша маңызды, бірақ өндіріс мерзімдері де маңызды екенін естен шығармау керек. Анимация бір сәтте жасалмайды, бұл үлкен команда мамандарының жұмысы. Шынында, тағы бір маңызды аспект бар, ол – көрермен. Қазақстанда сапалы өнім жасай алатын студиялар бар. Бірақ тағы да біз қаржыға келіп тірелеміз.

Ақша мен мерзім – анимациядағы ең басты нәрсе.

Өндірістің маңызды сәті – бұл оны жасауға бөлінген бюджет. Жақсы өнімді прокатқа шығару үшін үлкен қаражат, өндіріс үшін көбірек уақыт, көрермендерді фильмге тартатын маркетингтік тәсілдер қажет, олар фильмнің өзін-өзі ақтауына септігін тигізеді. Бірақ шын мәнінде бұл жүйе жұмыс істемейді. Өкінішке қарай, ішкі нарық үлкен шығындарды ақтамайды, ал халықаралық прокатқа шығу анимациялық мультфильмдердің сапасы себебінен мүмкін емес. Қазір студиялар арасында бірлік жоқ, сондықтан нәтиже болмайды. Студиялар нарықтағы өз орнын дәлелдеп, жақсы сапалы өнім бермейінше, нәтиже болмайды. «Шоқан. Қашқария сапары» анимациялық туындысы, менің пікірімше, бұл өнім-феномен. Оны үлкен экрандарға шығару – өз кезегінде эксперимент саналады. Бұл мультфильм сериялық бюджетпен қысқа мерзімде жасалды. Бірақ басқа үлкен қаржыға жасалған мультфильмдермен салыстырғанда, Шоқан туралы анимация барлық жағынан әлдеқайда озық туынды екені көрінеді.

Шоқанды шығару жауапкершілігі өте үлкен. Бұл – біздің ұлттық құндылықтарымызды қолдау арқылы жақсы әрі сапалы нәрселер жасауға болады деген көрсеткіш. Сонымен қатар, Шоқан – бұл барлық студияларға берілген сын: егер үлкен бюджетті сұрағыңыз келсе, мультфильмді қолдап, оны одан да жақсырақ жасаңыз! Шоқанды шығарудағы ең қиын нәрсе не болды? Шынын айтқанда, бәрі: шынайы тарихты фэнтези жанрына бейімдеу, стилистиканы таңдау, анимация, текстуралау, реңдер, монтаж және басқалары. Жалпы айтқанда анимациялық кино өндірісі оңай емес.

Шоқанның Қашқарияға сапары басталғанда 22 жаста болған еді. Оның көрген тіршілігі, мәдениеттер де өзгеше. Ал мультфильмде оқиға желісі мүлде бөлек. Осының бәрін суреттегенде нені ескердіңіздер?

Иә, қазіргі өмір мен сол кездегі өмірдің айырмашылығы айқын. Тарихи жобалармен жұмыс істеу үлкен жауапкершілік жүктейді. Сценарий жазу және бейнемазмұнды жасау кезінде алдымен мұқият талдаулар жүргізілді, содан кейін ғана алға жылжыдық. Бірақ өткен шақ туралы барлық дерлік ақпарат қолымызда жоқ болғандықтан кейбір дүниені қиялыдан қостық. Осылайша сол кездің ұқсас фактілерін заманауи форматқа икемдедік. Мысалы, киімдерді көрсету өте қиын болды, олардың кейбірін сол кездегі ұқсас заттардың негізінде жасалып, мультфильмге бейімдедік. Тағы бір маңызды мәселе – бұл ауызекі сөйлеу тілі. Сол кезде ол қатты өзгеше болатын және көптеген сөздер қазіргі уақытта қолданылмайды. Көптеген дерек Шоқанның өз күнделігінен алынған. Оның сөйлеу мәнерін зерттеп, жоғалған сөздерді немесе сол заманға сай сөздерді диалогтарға енгізуге тырыстық. Бірақ ақырында оны түсінікті ету үшін, көрермен толық түсінуі үшін жеңілдетуге тура келді.

Тағы бір айта кететін жайт –  басты кейіпкердің танымалдығы. Шоқанды білетіндердің бәрі оны әскери мундирде, әдемі бұралған сақал-мұртпен және сол кезеңге тән әдемі шаш үлгісімен еске алады. Ал оның сапары туралы айтылғанда, көпшілік танымауы үшін атын өзгертіп, шашын қидырғаны туралы айтылады. Бірақ сол бейнесі көпшілікке белгісіз болуы мүмкін еді. Сондықтан ғалымды сақал-мұртты адам етіп суреттеу туралы шешім қабылданды. Бет-әлпеті де сақталған картиналар мен фотосуреттерге сүйене отырып жасалды.

Анимацияның жанры фантэзи бағытта түсірілген. Жанр таңдалды, сценарий жазылды, ал кейіпкерлердің бейнесін суреттегенде қандай да бір мифологияға сүйендіңіздер ме? Кейіпкерлер бейнесі нені аңғартады?

Фэнтези персонаждарын нақты тарихқа енгізу өз алдына қызықты процесс болды. Бұл мультфильмді қызықты және тартымды етіп жасау үшін жақсы шешім. Нақты протагонистерге жақсы антагонист қажет. Антагонистті таңдау тарихқа негізделді. Сол кезеңде Қашқардың жабық қала болуының себебін түсіндіру қажет болды, сондықтан антагонист пайда болды, ол сол қалаға кіруге ұмтылды, бірақ белгілі бір себептермен кіру мүмкін емес еді. Бірақ бір антагонист жеткіліксіз болғандықтан, біз қалғандары қайдан пайда болды және олар неге осылай ерекшеленеді деген сұрақты ойластырдық. Оларды жасау үшін қытай мифологиясына сүйендік. Көптеген кейіпкер қытай мифологиясындағы жануарлар мен кейіпкерлердің сипаттамаларына негізделген және әрқайсысы мифтердегі белгілі мінездерге сай жасалды. Мысалы, «Жасыл құбыжық» кейіпкері қытай мифологиялық жануары «Цзой Юй» бойынша жасалды. Сонымен қатар, кейбір кейіпкерлер Шоқанның күнделігіндегі сипаттамаларға сүйене отырып жасалды. Мысалы, Шоқан өзінің күнделігінде Албасты рухы туралы айтады (мультфильмде Айпері деп аталатын кейіпкер), сөйтіп оны сюжетке қосуға шешім қабылдадық.

– «Шоқан. Қашқария сапары» отандық анимация қоржынын толтырған тағы бір туынды болды. Бұл – үлкен қуаныш. Өзіңіз бұл туралы не айтасыз?

– ТРК Қазақстанның басқарма төрағасы Ләззат Мұратқызына, сондай-ақ Балапан телеарнасының директоры Мақпал Абайқызына алғыс білдіреміз. Біз бір мақсатта жұмыс істедік, бір механизм сияқты бірлесіп еңбек еттік, және осы жобаға қатысқан барлық маман балалар үшін жақсы мультфильм жасауды мақсат тұтты. Бір кездері бұл іске біреу бастау керек еді, біз осы мүмкіндікті алғанымызға өте қуаныштымыз. Қазіргі уақытта Балапан телеарнасының жарыққа шыққан жобалары телеарналарда ғана көрсетіліп келді, енді үлкен кинотеатрға да жол тартып отыр. Бұл отандық анимацияның дамуының тек басы, әрі қарай бұдан да жақсы болатынына сенеміз. Көп адам Қазақстан анимациясын басқарғың келе ме деп сұрайды. Мұндай сұрақтың қойылатынына да қуанамын. Қаншама мықты продюсерлерді білемін, проблемалардан хабарым бар, оларды қалай шешуге болатынын түсінемін, индустрияны қалай дамыту керектігін білемін. Біз әлемдік деңгейдегі мамандармен тығыз байланыстамыз. Біріншіден, бұл анимациялық студия Animaccord – «Маша и Медведь» анимациялық фильмінің жасаушылары, «Паровоз» мамандары – «Тик и Лео» мультсериалының авторлары, «Монстры на каникулах», «Доктор Стрендж» жобаларында жұмыс істеген мамандар, сондай-ақ басқа да көптеген кәсіби, білікті мамандармен кеңесіп, бірлесе жұмыс істей алу мүмкіндігі туралы сөйлесіп жүрміз.

  • Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

 

Сұхбаттасқан

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар